Түркіменстанда қауіпсіздік органдары президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің отставкасын талап етіп, үнпарақ таратқан кемінде екі белсендіні ұстады. Бұл туралы шетелде жүрген түркімен оппозициясы хабарлады.
Түркіменстанның демократиялық таңдауы ұйымының жетекшісі Мурат Гурбанов 30 наурызда таратқан видеомәлімдемеде елде кемінде екі белсенді – Дидар Аширов пен Довран Гилижевтің ұсталғанын айтқан. Гурбанов белсенділердің қамалуын айыптап, үкіметті сынайтын үнпарақ тарату Түркіменстанда қылмыс емес екенін алға тартқан.
Бердімұхамедовті қызметінен кетуге шақырған үнпарақтар мен постерлер жақында ел астанасы Ашғабат пен өзге қалаларда тараған. Елдің солтүстік-шығысындағы Лебап аймағындағы Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, аймақ орталығы Түркіменабатта полиция мен қауіпсіздік күштері үнпарақтарды баспадан шығару ісіне қатысы бар жергілікті тұрғындарды тергей бастаған.
Елдің бірнеше қаласында жергілікті билік үнпарақтардың тарауына кедергі жасау мақсатында көшелерге қосымша камералар орнатқан.
Түркіменстанда экономикалық мәселелер ушығып барады.
Табиғи газ қоры жөнінен әлемде алғашқы орындарда түрған ел тұрғындары азық-түлік, қаражат пен күнделікті өмірге қажет өзге де заттар тапшылығына жиі ұшырайды.
2006 жылы Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін билікке келген Бердімұхамедов тұсында елде сөз бостандығы тарылып, пікір айту еркіндігі шектеле түскен.
ПІКІРЛЕР