Accessibility links

Шымкентте 18 мектеп карантинге жабылды, ондаған мың оқушы қашықтан оқиды


Коронавирусқа байланысты карантинге жабылған мектептердің бірі.
Коронавирусқа байланысты карантинге жабылған мектептердің бірі.

Шымкентте оқушылар мен қызметкерлерінің коронавирус жұқтыруына байланысты 18 мектеп карантинге жабылды. Ондаған мың оқушы 1 сәуірде басталатын төртінші тоқсанда оқуды қашықтан жалғастырады. Бұл туралы 31 наурыз күні Азаттыққа Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Ақпаратты қалалық білім басқармасы растады.

Департаменттің бөлім басшысы Роза Аханованың айтуынша, қалада коронавирус жұқтырған бала саны артқан. Соңғы уақытта орташа есеппен алғанда күніне 2-5 оқушыдан вирус табылып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 148 оқушы вирус жұқтырған болса, 123-і соңғы үш айда тіркелген.

– Вирус жұқтырған балалардың бәрі карантинге жіберілді, – дейді департамент өкілі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов короновирус анықталып карантинде жатқан балалардың бірде-бірі ауруханаға жатқызылмағанын айтады. Оларда ауру белгілері жоқ. Дегенмен дәрігерлердің бақылауында.

Қалалық білім департаментінің басшысы Жанат Тәжиева карантинге жабылған мектептердегі оқушылар қашықтан оқитынын хабарлады. Ал қалған мектептер санитарлық талаптарды сақтап, бір сыныпта 25 баладан асырмай оқуды жалғастырады. Оқушы ата-ананың өтінішімен мектепке барып сабақ оқиды.

Білім департаментінің мәліметінше, қаңтар айынан бері барлығы 46 мектеп карантинге жабылған. Мектепті ашу-ашпау бойынша шешім коронавирус ахуалына байланысты қабылданады.

30 наурызда Шымкентте коронавирус жұқтырған 47 адам тіркеліп, вирус жұқтырғандар саны 6805 адамға жетті. Миллионнан астам тұрғыны бар "жасыл аймақта" тұрған қала қазір "сары аймаққа" жақындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG