Accessibility links

Ресей оппозиционері Навальный дәрігер талап етіп, аштық жариялады


Алексей Навальный сотта. Ақпан айы 2021 жыл.
Алексей Навальный сотта. Ақпан айы 2021 жыл.

Мәскеу маңындағы түрмеде отырған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный өзіне дәрігер жіберуді талап етіп, аштық жариялады. Навальныйдың адвокаттары арқылы беріп жіберген арызы саясаткердің Инстаграмдағы парақшасында жарияланды.

"Менің дәрігерді шақырып, дәрі-дәрмек алуға құқығым бар. Маған екеуін де өткізбей жатыр. Белімдегі ауру аяққа көшті. Бірінші оң аяғым, енді сол аяғым сезуді қойды. Алаңдатарлық жағдай" деп жазды Навальный.

Оппозиционердің айтуынша, оған медициналық көмек көрсетудің орнына "бір түнде сегіз рет оятып" ұйықтауына кедергі жасайды. Түрмеде аштықтан басқа күресу амалы қалмаған.

Бұған дейін Навальныйдың адвокаттары саясаткердің денсаулығының күрт нашарлағанын айтқан. Олардың айтуынша, Навальныйдың белі қатты ауырады, аяғы ұйиды. Навальный адвокаттарына қажетті медициналық көмек ала алмай жүргенін, түрме әкімшілігі шағымдарына реакция танытпағанын жеткізген. Оған тек ауруды басатын Ибупрофеннің бірнеше таблеткасын жазып берген. Навальный сонымен бірге түрме дәрігерлерінің диагнозы мен компьютерлік томография нәтижесін айтпай отырғанын да хабарлаған.

Осыған дейін Қылмыстық жазаны орындау федералдық қызметі (ФСИН) Навальныйдың түрмеде медициналық тексерістен өткенін мәлімдеп, денсаулығын "тұрақты" әрі "орташа" деп бағалаған. Владимир облысының қоғамдық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Григорян оппозиционер "симуляция жасап отыр" деп мәлімдеген. Бірақ ол қандай ақпаратқа сүйеніп, тұжырымдағанын айтпаған.

2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылы "Ив Роше ісі" бойынша шыққан шартты жаза ережелерін орындамады деп саясаткерді түрмеге жіберген. Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты істің саясиланғанын айқан. Оппозиционер түрмеде шамамен 2,5 жыл болады. ​

Алексей Навальный командасы көктемде Ресей аймақтарында саясаткерді босатуды талап етіп, ірі митингілер ұйымдастыратынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG