Accessibility links

Семейде ақысыз демалысқа жіберілген жедел жәрдем жүргізушілері прокуратураға шағымданды


Водители скорой помощи у здания прокуратуры города Семей.
Водители скорой помощи у здания прокуратуры города Семей.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында жедел жәрдем станциясының жүргізушілері басшылықтың өздерін ақысыз демалысқа жібергеніне наразы.

31 наурызда оннан астам жүргізуші қалалық прокуратураға жиналып, жұмыс беруші шешімінің заңдылығын тексеруді сұрады.

— 20 адамды (бес бригада) ақысыз демалысқа жіберді. Енді тағы қалғандарын жіберейін деп жатыр. Үш ай бойы жалақысыз қалай күн көреміз? — деді жүргізуші Серік Жұмағалиев.

Оның әріптестерінің айтуынша, басшылық шешімге қарсы шыққандар өз бетімен жұмыстан кету туралы арыз жазып, кете берсе болады деген.

Водители скорой помощи стоят с обращением перед зданием прокуратуры Семея.
Водители скорой помощи стоят с обращением перед зданием прокуратуры Семея.

Жүргізушілер жедел жәрдем бригадасы қысқарса, қаладағы ахуалға әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

— Бригада жұмысшыларын қысқартпай-ақ жағдайдан шығудың басқа амалдарын қарастыру керек. Індет кезінде салмақ негізінен осы бригадаларға түсті. Егер бізде Алматыдағыдай науқастар көбейсе, жедел жәрдем станциясы салмаққа шыдай алмауы мүмкін. Індет кезінде жедел жәрдемді кешкі сағат 6-да шақырғандарға үлгермегендіктен таңғы сағат 6-да барған кездер болды. Және бір рет қана емес. Бір бригада жоқ болса жоғы білініп қалады, — дейді станция қызметкерлерінің бірі.

Станцияның бас дәрігері Владимир Ли оптимизацияға байланысты 5 бригаданы ақысыз демалысқа жіберу туралы шешім қабылданғанын айтты.

— Індетке қарамастан жедел жәрдем шақыруға сұраныс жылдан жылға төмендеп барады. Осы жылды сараптай келе 1 сәуірден бастап бригадалар санын азайттық. Ұжымдық келісім-шартқа сәйкес, қызметкерлерге ақысыз демалысқа шығу ұсынылды. Басым бөлігі келісті, бір адам ғана келіспеді, ол өзіне тағы бірнеше адамды тартты. Бірақ бізде көліктерді жұмыстан шығару кестесі бар. Қазір бес көлік кетті, екі айдан соң тағы бесеуі кетеді. Жылдың соңына дейін солай жалғаса береді, – дейді Владимир Ли.

Ол станцияның күрделі қаржы жағдайына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, кәсіпорын "жалақы шығындарына" байланысты 2020 жылды қарызбен жапқан. Қазір мекемеде аудиттік тексеріс жүріп жатыр. Қарыздың жиналуының себебін анықтайды.

Дегенмен бас дәрігер нақты көрсеткіш жоғын алға артып, қарыз көлемін айтпады. Бұған дейін бас дәрігер міндетін атқарған адам кәсіпорынның қарызы – шамамен 260 млн теңге деп айтқан еді.

Бас дәрігер қызметкерлерге басшылық қысым жасады деген ақпаратты жоққа шығарып, тұрғындар сағаттап жедел жәрдем көмегін күтті деген ақпаратты да растамады.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, 10 мың халыққа кем дегенде бір жедел жәрдем бригадасы керек. Семейде 320 мың адам тұрады. Станцияның бас дәрігерінің айтуынша, қызметкерлерді ақысыз демалысқа жібергеннен кейін қалада 30 бригада қалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG