Accessibility links

Гонконг соты жеті белсендіні "наразылық ісі" бойынша кінәлі деп тапты


Джимми Лай.
Джимми Лай.

Гонконг соты құқық қорғаушы, Демократиялық партияның негізін қалаушы Мартин Ли, медиамагнат Джимми Лай және тағы бес оппозициялық белсендіні 2019 жылы тамыз айында заңсыз наразылыққа қатысқаны үшін кінәлі деп тапты. Судья адвокаттардың сөзін тыңдауы тиіс, осыдан соң сот үкімі оқылады деп жазды Bloomberg.

2019 жылы Пекин ықпалына қарсы бейбіт митингіге шамамен 2 млн адам қатысқан. Айыпталушыларға 5 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр. Джимми Лай сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік туралы заңды бұзды деп айыпталып отыр.

Гонконгте 2019 жылы наразылық маусым айында басталған. Оған жергілікті биліктің айыпталушыларды Қытайға экстрадициялауға мүмкіндік беретін заң қабылдауы түрткі болған. Оппозиция сол кезде Пекин бұл заңды диссиденттерді қудалау үшін пайдалануы мүмкін деп мәлімдеген. Наразылық акциясында полициямен қақтығыс болды, белсенділер ұсталды.

Қытай билігі 2020 жылы 30 маусымда Гонконгтің ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдаған. Ол билікке "ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп" ретінде таныған әрекеттерді, атап айтқанда наразылықтарды өткізбеуге мүмкіндік береді.

Бұрын Британия колониясы болған Гонконг 1997 жылы Қытайға берілген кезде 2047 жылға дейін ішкі саясатын өзі анықтауға мүмкіндік алған еді. "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңды сынаушылар Пекин осы құжатты пайдаланып, іс жүзінде еркіндікке нұқсан келтіреді деп санайды.

Осы аптада Пекин Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы мәртебесіне ие Гонконгтің сайлау жүйесін реформалауды мақұлдаған. Аталған құжат Пекинге аймақтағы парламент сайлауы кезінде кандидаттарды іріктеп өткізуге және "билікке қолайсыз" кандидаттарды сайлаудан шеттетуге мүмкіндік береді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG