Accessibility links

Қарағанды облысының әкімі мыс өндіру үшін тұрғындарды көшіру –дұрыс шешім деді


Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Жекеменшік "Қазақмыс" компаниясы мыс рудасын өндіруі үшін бірнеше ауылды "мемлекет қажетіне байланысты" көшіру бағдарламасы – "орынды әрекет". Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Азаттық тілшісімен онлайн сұхбатта осылай деп мәлімдеді. Облыс басшысы бұл бағдарлама арқасында Сәтбаев қаласының және оның маңайындағы елдімекендердің әлеуметтік мәселесі шешіледі.

– Әңгіме үлкен қала – Сәтбаев туралы. Ол елдімекендердің астында (Жезқазған, Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП) көп кен жатыр, бұл қаладағы негізгі мекеменің ("Қазақмыс" корпорациясы – Ред.) ондаған жыл бойы әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, Сәтбаевтың және осы ауылдардың тұрғындарының көбі сонда жұмыс істейді. Бағдарлама жұмыс істемесе, онда болашақта Сәтбаев қаласының даму мүмкіндігіне қауіп төнер еді. Бұл тұрғындарды алдағы 10, 15, 20 жылда жұмыспен қамту деген үлкен мәселе шешілді, – деді әкім.

Қасымбектің айтуынша, тұрғындарды көшіру бағдарламасына 40 миллиард теңге (шамамен 95 миллион доллар) бөлінген. Бұл ақшаға Сәтбаевтан жаңа шағынаудан салып, инфрақұрылым жасау, көшірілетін тұрғындарға ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Олар тұрғынжайы мен бизнес нысандарының өтеміне ақша алады.

"Неліктен тұрғындар алдымен "Қазақмыс" компаниясының ақшасына көшіріліп келді де, кейін бюджет есебінен көшірілетін болды?" деген журналист сұрағына "жауап беру қиын" дейді әкім. Себебі көшіру процесі алдыңғы әкімнің тұсында басталған (Қасымбек 2019 жылғы қыркүйектен Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарады).

"Бірақ [жерді] мемлекеттің қажеті үшін алатын болса, онда мемлекет төлеуі керек, әрине. Қазіргі механизм дұрыс деп ойлаймын, – деді әкім.

Әкім көшпей отырған үйлерде электр жарығын, суды және басқа да коммуникация түрлерін ажырату болғанын растады. Әкімдікке "халықты сумен және электрмен қамтамасыз ету" туралы тапсырма берілді деді Жеңіс Қасымбек.

Тұрғындардың ұсынылған өтемақыға келіспеуіне қатысты пікір білдірген әкім кей тұрғынның "негізсіз көп сома сұрағанын" айтты. "[Өтемақы сомасымен] келіспейтін болса, азамат сот негізінде [жерді алу туралы] шешімнің күшін жойып, басқа экспертиза талап ете алады" деді Қасымбек.

Шағымданып жүрген тұрғындардың айтуынша, үйі билік ұсынған өтемақыдан қымбат тұратынын дәлелдеген тұрғын ілуде біреу. Әдетте сот әкімдіктің көзқарасын қолдайды дейді олар.

Қасымбек көшірілгендерге Сәтбаевта беріп жатқан үйлердің сапасы нашар деген пікірмей келіспейді.

Оның айтуынша, қазір көшірілетін ауылдарда 28 отбасы қалды, шамамен 3 мыңдай отбасы көшіп кетті, сегіз отбасы "билікпен соттасып жатыр". Билік кен шығатын ауылдардың тұрғындарын 2021 жылғы жаздың соңына дейін көшіріп бітуді жоспарлап отыр.

Тұрғындары көшіріліп жатқан ауылдардың жерінде ашық және жабық әдіспен мыс қазылып жатыр. Жергілікті тұрғындар кен қазатын "Қазақмыс" жекеменшік кәсіпорнының мүддесі "мемлекеттің қажеті" болып саналмауы керек дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG