Accessibility links

Полиция үш аймақта "есірткі дайындайтын төрт лабораторияны" жойғанын хабарлады


Теміртаудағы тұрғын үйлердің сыртына салынған есірткі жарнамасы. Қарағанды облысы.
Теміртаудағы тұрғын үйлердің сыртына салынған есірткі жарнамасы. Қарағанды облысы.

Қарағанды облысының полиция департаменті 2 сәуірде үш аймақта "синтетикалық есірткі әзірлейтін жасырын төрт лабораторияны" жойғанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, бір топтың бақылауында болған үш лаборатория Қарағанды, Ақмола және Павлодар облысында істеген.

Департаменттің мәліметінше, сатуға дайындалып қойған есірткінің 100 мың дозасы немесе 50 килограмм есірткі тәркіленген. Есірткінің бұл мөлшері 1,6 млрд теңгеге (шамамен 3,7 млн доллар) сатылып кетуі мүмкін болған. Полицияның айтуынша, тәркіленген химиялық заттардан күдіктілер "құны шамамен 24 млрд теңге болатын 1,5 млн доза есірткі дайындауы мүмкін болған".

Қарағанды облысының есірткімен күрес басқармасы "үйде есірткі жасаумен айналысты" деген күдікпен 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған. Тінту кезінде полицияның айтуынша, есірткі заттар мен есірткі дайындауда қолданылатын прекурсорлар тәркіленген.

Полицияның мәліметінше, осыған дейін де синтетикалық есірткі әзірледі деген күдікпен Алматы, Павлодар, Ақмола облыстарының тұрғындары ұсталған. Олар Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар облыстары аумағында әрекет еткен деп айтылады.

2020 жылы күзде Қарағандыда синтетикалық есірткі әзірлейтін лабораторияның жойылғаны хабарланған еді. Полиция сол кезде ұсталғандардан ақ түсті синтетикалық есірткі тәркіленгенін, ал жеке үйді тінтіген кезде лабораторияның әшкереленгенін айтқан. Күштік құрылым өкілдерінің айтуынша, 5 килограмнан асатын есірткі тәркіленген. "Заңсыз есірткі сату, сақтау, тасымалдау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл іс сотқа әлі жетпеді.

Қазақстан билігі синтетикалық есірткімен күресіп жатқанын мәлімдеп келеді, бірақ елде есірткі саудасы тыйылмады. Сарапшылар биліктің шарасының тиімсіз екенін алға тартады. Синтетикалық есірткіге тәуелді пациенттермен жұмыс істейтін дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда 2009 жылдан бері тарап жатқан есірткінің бұл түрінің салдары ауыр, одан айығу үшін жылдар кетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG