Accessibility links

Қамаудағылардың видеомәлімдемесінен соң Ақтөбе түрмесінде тексеріс басталды


Ақтөбенің 168/2 түрмесінде азаптау мен қысым туралы айтқан сотталушылар видеомәлімдемесінің скриншоты.
Ақтөбенің 168/2 түрмесінде азаптау мен қысым туралы айтқан сотталушылар видеомәлімдемесінің скриншоты.

Ақтөбедегі 168/2 түзету мекемесінде "соққыға жығылдық" деген бір топ адамның видеомәлімдемесінен соң түрмеде кешенді тексеру басталған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) баспасөз қызметі хабарлады.

Департамент даулы видеоның 2021 жылғы 30 наурыз күні түс әлетінде Ақтөбедегі 168/2 түзету мекемесінде түсірілгенін растады.

Видеода қаракөлеңке жерде отырған адамдар өздерін "жазасын өтеушілерміз" деп таныстырады. Бірақ олардың ешқайсы аты-жөнін атамайды. Асығыс сөйлегендер "27-сі күні отрядқа келіп, бізді "блатнойлар" (түрмеде билік құрушы тұтқындар – Ред.) соққыға жықты. Түрме әкімшілігі ол туралы біледі. Мұнда "общак" (түрмедегі қаржы қоры – Ред.) бар. Мұнда намазхандар бар, қалта телефоны мен есірткі бар. "Блатнойлар" бізді өлтіреміз деді. Көмектесіңіздер!" дейді.

Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, видеода айтылған жайттарды күш құрылымдары бірлесе тексерген. Департамент Азаттықтың сауалына "тексеру кезінде жазасын өтеушілер айтқан жайттар расталмағанын" хабарлады.

Ақтөбе облыстық ҚАЖД жолдаған хабарламада: "Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелердің барлығында видео камера бар. Жеке құрамның жұмысы үнемі жылжымалы видеоқұрылғымен бақыланады. Бұл видеоға қатысты тексеру әлі жалғасып жатыр. Нәтижесіне қарай тиісті шаралар қолданылады" делінген.

Ақтөбе облыстық ҚАЖД Азаттыққа түрмедегі заңсыздыққа шағынған адамдардың кім екенін айтпады. Департамент мәліметінше, видеодағы адамдар – есірткімен байланысты қылмыс жасаған, қарақшылық, адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін түрлі мерзімге сотталғандар.

Бұл Ақтөбе облыстық ҚАЖД мекемелердегі бірінші дау емес. Биыл 9 наурызда Ақтөбеде 168/1 тергеу изоляторының алдына бір топ адам жиналып, сотталушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын жеткізді. Олардың арасында осы изоляторда биыл 12 ақпанда "асылып өлген" Талант Әлиевтің шешесі де болды. Ол әйел "ұлымды суицид жасауға изолятор қызметкерлері мәжбүрледі" деп санайды.

Сол күні наразы топтың алдына Ақтөбе облыстық ҚАЖД бастығы Алмас Шәмішев шыққан. Ол 12 ақпан күнгі тұтқынның өліміне байланысты тергеу жалғасып жатқанын айтып, "түрме әкімшілігі суицидке итермеледі" деген тұжырымды жоққа шығарған.

Бірақ ол түрмеде суицидтің жиілегенін растады. Департамент бастығының айтуынша, былтыр түзету мекемелерінде 17 тұтқын суицид жасауға тырысқан, біреуі өлген. Биыл 2 тұтқын өзіне қол салмақ болып, оның біреуі көз жұмған.

– Оған қызметкерлер емес, стресс жағдайы кінәлі. Мұнда темірдей тәртіп, – деді ол сотталушылардың туыстары мен ақпарат құралдарына.

Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде азаптау тыйылмай отырғанын жиі айтады. Азап пен қысымға шыдамаған тұтқындардың кейбірі қарсылық ретінде денесін жарақаттап, өзіне қол салады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді. Ал билік былтыр жыл соңында 2020 жылы Қазақстан түрмелерінде азаптау тіркелмеді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG