Accessibility links

Шымкент түбінде полиция наразылыққа шыққан 50 шақты ауыл тұрғынын ұстап әкетті.


Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.
Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.

4 сәуірде Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Алтынтөбе ауылында наразылыққа шыққан 50 шақты адамды полиция ұстап әкетті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, наразылыққа алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директоры Жасұлан Маматуллаевтың ұсталуы және цехтың полиция қоршауына алынып, тоқтап қалуы түрткі болған. Олардың сөзіне қарағанда, ауылдың еңбекке жарамды тұрғындарының көбі осы цехта жұмыс істейді.

Цех Diamond Exclusive жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды.

Олар цех басшысының осыдан төрт күн бұрын ұсталып, содан бері ол туралы ешқандай ақпарат берілмегенін, содан бері жұмыс істей алмай отырғанын айтты. Жергілікті әкімдік өкілі, цех басшысының ұсталғанын растады, бірақ оған не себеп болғанын білмейтінін, содан бері ауылда полиция жасағы тұрғанын мәлімдеді.

Наразы топ Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтың алдарына келіп, түсініктеме беруін талап етті. Талабы орындалмаған соң, көшені жаппақ болды, бірақ оларды полиция жасағы екіге бөліп, құрсауға алды, сәлден соң полиций арнайы көлігі келген соң ұстап әкетті. Азаттық тілшісі полицияның 50 шақты адамды ұстағанын көрді.

Азаттық тілшісі хабар тарату кезінде полиция жасағының кедергі жасап, камерасын көлегейлегенін, телефонын тартып алуға тырысқанын айтты.

Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың сөзінше, цех директорын "жерасты алтынды заңсыз пайдаланғаны үшін ұстады" деген бейресми ақпарат бар. Әкім бұл ақпаратты құзыретті органдардан нақтылау керегін айтты. Өзін цех директоры Жасұлан Маматуллаевтың әкесі деп таныстырған кісі бұл айыпты жоққа шығарды.

Оқиға орнында болған полиция өкілдері осы жөніндегі сұраққа жауап бермеді, Азаттық бұл ақпараттың рас-өтірігін басқа жолмен растай алмады.

Азаттық тілшісі ауылда 70-ке жуық полиция қызметкері жүргенін, бұдан бөлек азаматтық киім киген, бірақ полицейлерге нұсқау беретін адамдардың барын хабарлады. Цех толығымен қоршалған, полиция қызметкерлері ауыл ішіне де қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG