Антиген тесті оң нәтиже көрсеткен Аргентина президенті Альберто Фернандес вакцинаның арқасында ауыруы жеңіл өтіп жатқанын айтты.
"Екпе салдырмағанымда, жағдайым өте ауыр болар еді" деп келтіреді Аргентина президентінің сөзін "Насьон" газеті. "Дәрігерлерім вакцина үлкен көлемде антидене түзгенге ұқсайды деді. Сол себепті мен сырқаттанған 62 жастағы адам ретінде көрініп тұрған жоқпын. Дәрігер жақында ғана келіп кетті. Ол менің өкпемді, қанымдағы оттегі мөлшерін тексерді: менде алаңдатар симптомдар жоқ".
Аргентина президенті коронавирус жұқтырғанын 3 сәуір күні Twitter-парақшасында мәлімдеген. EFE ақпарат агенттігі Аргентина президентінің канцеляриясына сілтей отырып, Фернандестің 21 қаңтар күні "Спутник V" вакцинасының бірінші дозасын, 11 ақпан күні екінші дозасын салдырғанын мәлімдеді.
Ресейлік екпені әзірлеген Гамалеи орталығы Аргентина президентіне вакцина аурудың жеңіл өтуіне септігін тигізеді деп жауап берді.
Lancet журналында жарияланған зерттеу қорытындысы "Спутник V" екпесінің тиімділігі 91,6 пайыз дейді. Сынақ кезінде вакцинаны салдырған 19 866 адамның тек 78-і ғана коронавирус жұқтырған. Олардың бәрі ауруды жеңіл өткерген. Екпені әзірлеушілер вакцина салдырған адамның вирусты жұқтыра алатынын, бірақ аурудың жеңіл өтетінін айтады.
Аргентина – "Спутник V" мақұлдаған алғашқы елдердің бірі.
ПІКІРЛЕР