Accessibility links

Кәсіпкерлер шағымынан соң Батыс Қазақстанда карантин босаңсыды


Батыс Қазақстан облысының орталығы - Орал қаласындағы базарлардың бірі.
Батыс Қазақстан облысының орталығы - Орал қаласындағы базарлардың бірі.

Батыс Қазақстан облысында карантин босаңсып, сауда орындарының сенбіде жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Бұрын олар тек жұмыс күндері ғана істей алатын.

Аймақтың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арысбаевтың жаңа қаулысы шығардан бір күн бұрын, 5 сәуірде Оралдың ашулы кәсіпкерлері санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің ғимаратына барған. Саудагерлер шығынға батып жатқанын айтып, сенбі күндері жұмыс істеуге рұқсат сұраған.

Бас санитар дәрігердің 6 сәуірде шыққан жаңа қаулысы жұма күні күшіне енеді.

Жаңа ереже тұрғындардың түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін сыртқа шығуына тыйым салады. Үйінен шығатын адам stopcovid.kz сайтында себебін көрсетіп, өтініш жазуы тиіс. Тұрғындар дәріхана мен емханаға шұғыл бару үшін не түнгі кезекке жұмысқа жету үшін көшеге шыға алады. Төтенше жағдай, полиция, әкімдік және апаттық қызмет өкілдерінің ғана түнде еркін жүріп-тұруына мүмкіндік берілген.

Батыс Қазақстан облысы індеттің таралу қарқыны бойынша ең қауіпті – "қызыл аймаққа" кірген. Қазір "қызыл аймақта" Қазақстанның бес облысы және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары тұр.

Ресми дерек бойынша, пандемия басталғалы Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 677 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 101 адам осы дертпен тізімге алынды. Жалпы аймақта Covid салдарынан 247 адам көз жұмған, соның алтауы соңғы тәулікте қайтыс болды.

  • Соңғы күндері Қазақстанда коронавирус індеті өршіп барады. Ресми дерек бойынша, былтырғы наурыздан бері 256 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 3 129 кісі осы дерттен көз жұмған. Инфекция жұқтырғандар мен одан қаза тапқандар саны бұдан әлдеқайда көп деп санайтындар бар.
  • Елде вирустың жаңа штамдары шығып жатыр деген денсаулық сақтау министрлігі "реалистік сценарий" бойынша алдағы үш айда Қазақстанда 250 мың адам вирус жұқтырады деп болжады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG