Accessibility links

Бір күнде 2586 науқас: Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Covid көрсеткіші тіркелді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус тесті оң шыққан тағы 2586 науқас тіркелді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, елде алғаш рет бір күнде осыншама көп науқас тіркелген.

Алматыда бір күнде 710 науқас анықталған. Бұл да бұрын-соңды тіркелмеген жоғары көрсеткіш. Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтан (578) мен Алматы облысында да (325) науқастар күрт көбейген.

Қарағанды облысында – 160, Атырау облысында – 137, Батыс Қазақстан облысында – 125, Ақтөбе облысында – 117, Ақмола облысында – 98, Шымкентте – 81, Шығыс Қазақстан облысында – 55, Маңғыстау облысында – 43, Жамбыл облысында – 39, в Қостанай облысында – 33, Павлодар облысында – 28, Қызылорда облысында – 22, в Түркістан облысында – 19, Солтүстік Қазақстан облысында 16 науқас тіркелген.

Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 6 сәуірде елде 100 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 42-ісі – Алматы облысының үлесіне келеді. Ведомство сонымен бірге сейсенбі күні коронавируспен байланысты 20 адам өлімі тіркелгенін хабарлады. 15-інің ПТР тесті оң болған.

Індет басталғалы бері 261 503 адамның коронавирус тесті оң шыққан.

2020 жылдың 1 тамызынан бері шамамен 51 055 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 718 адам өлімі тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар статистикасын біріктірмеген. Былтыр маусым мен шілде айларында елде өкпе ауруына шалдыққандар күрт көбейген шақта тіркелген науқастар министрлік статистикасына енбеген. Сол кезде ведомство коронавирус пневмониясын пневмонияның жалпы түрінен ажырату қиындығын алға тартқан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 3 171 адам коронавирустан қайтыс болған. Бірақ оған коронавирус жұқса да арнайы комиссия "басқа аурудан қайтыс болды" деп тапқан мыңға жуық адамның өлімі енгізілмеген.

Елде вакциналау науқаны баяу жүріп жатқан шақта науқастар күрт өсіп отыр. Соңғы мәлімет бойынша, халықтың шамамен 1 пайызы вакцинаның кемінде бір дозасын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG