Accessibility links

Самарқандта наразы қойшылар аудандық әкімдіктің алдына мал айдап келді


Аудандық әкімдік алдына наразылық ретінде малдарын айдап келген малшылар.
Аудандық әкімдік алдына наразылық ретінде малдарын айдап келген малшылар.

Өзбекстанның Самарқанд облысы Нурабад ауданында жайылым жерлердің компанияларға берілуіне наразы малшылар аудандық әкімдіктің ғимаратына отар-отар қой айдап барды. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда Нурабад аудандық әкімдігі ғимаратының маңында отар-отар қойдың маңырап жүргені көрінеді. Наразы қойшылар биліктен мал жаятын жер тауып беруді талап еткен.

Нурабад ауданы тұрғындарының бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне оқиға 6 сәуір күндізгі сағат 4-тер шамасында болғанын айтқан.

– Осыған дейін малымызды жайылымдарға жайып келдік. Тұрғындардың басым бөлігі малмен күн көріп отыр. Бірақ Өзбекстанда кластерлер пайда болғаннан кейін бізге жайылымдарға мал жаюға тыйым салды. Сол себепті наразы тұрғындар әкімдікке барып, жайылым жер беруді сұрады, – деді тұрғындардың бірі.

Былтыр күзде билік "Самарқанд коракул кластер" компаниясына – 151 мың гектар жер, "SP LUXE" компаниясына 197,2 мың гектар жер берген. Бұған қоса, аталған кәсіпорын сол аумақтан 834 гектар жерді 49 жылға жалға алған.

Келісімге сәйкес, бұл аумақта 1450 ірі қара өсірілуі тиіс болған. Алайда іс жүзінде 4 мың қой жайылып жүр. Дәл осы жағдай жергілікті малшылардың наразылығын туғызған. Азаттықтың Өзбек қызметі аталған компаниялардан пікір ала алмаған.

Нурабад ауданы әкімшілігінің қызметкері журналистерге халық наразылығынан соң 834 гектар жерді жалға алу туралы келісімнің күші жойылғанын хабарлады. Ол аумақ жергілікті қойшыларға мал жаюға берілмек. Бірақ қандай шартпен берілетіні айтылмайды.

Ресми мәлімет бойынша, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Нурабад ауданында 100 мыңнан астам ірі қара мал және 250 мың қой-ешкі бар. Өзге аймақтарда да жайылым жерлердің компанияларға берілуі наразылық туғызған.

Соңғы жылдары президент Шавкат Мирзияевтің бастамасымен елде түрлі кластерлер құру жобасы "дәстүрге" айналған. Билік мақта өсіру, астық, мал шаруашылығы, жеміс-жидек және бау-бақша кластерлері ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажет дейді.

Алайда фермерлер кластерді сылтауратып жергілікті шенеуніктер мен билікке жақын кәсіпкерлердің шұрайлы жерлерді талан-таражға салып жатқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG