Accessibility links

Құқық қорғаушылар Әсет Әбішевті ауруханада емдетуді және тез арада босатуды талап етті


Азаматтық белсенді Әсет Әбішев сот залында. Алматы, 25 қазан 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Әсет Әбішев сот залында. Алматы, 25 қазан 2018 жыл.

Сегіз құқық қорғау ұйымы ортақ мәлімдеме таратып, биліктен белсенді Әсет Әбішевтің емделуіне жағдай жасауды, тез арада шартсыз босатуды талап етті.

Алматы облысының Заречный елді мекенінде жалпы режимдегі колонияда отырған "саяси тұтқын" Әсет Әбішев 7 сәуірде "заңсыз тінтулерге қарсылық ретінде" өзінің тамырын кескен. Белсенділердің мәліметінше, оны сол үшін 15 күн айыппұл камерасына қамаған. Азаттық қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарласқанмен олар Әбішевті "жазалау" туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, Әсет Әбішев отырған колонияның белсендіге қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетуіне шамасы жетпейді, сондықтан оны түзету мекемелеріне қатысы жоқ ауруханаларда емдеу қажет.

Құқық қорғаушылар мәлімдемеде тұтқынның құқығын бұзғандарды жауапқа тартуды талап етіп, Батыс елдерін Қазақстандағы адам құқығының бұзылуына реакция танытуға шақырған. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушыларды "саяси себеппен қудалау күшейген тұста" АҚШ елшілігінің Әсет Әбішевке қатысты 8 сәуір күнгі мәлімдемесінің маңыздылығын да атап өткен.

Құқық қорғаушылардың ортақ мәлімдемесі Qaharman тобының Facebook-тағы парақшасында жарияланды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желіде түрмедегі белсендіге адвокаттың кіріп шыққанын хабарлады.

"Әсеттің еңсесі түсіп кеткен, психологиялық көмекке зәру, бірақ тірі, өзінің құқықтарын қорғауға дайын" деді Төреғожина 9 сәуір күнгі жазбасында.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған.

Бұған дейін сот оның жазаны жеңілдету туралы өтініштерін бірнеше рет қанағаттандырмады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Олардың мәліметінше, қазір елде 28 саяси тұтқын бар, бұған қоса, саяси себеппен қудаланғандар саны 300-ге жуықтайды. Билік елде "саяси тұтқын" барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG