Accessibility links

Коронавирус бойынша тағы антирекорд тіркелді


Медицина қызметкері Алматыдағы Республика сарайында егу орталығында Covid-19-ға қарсы вакцина салғалы жатыр. 2 сәуір, 2021 жыл.
Медицина қызметкері Алматыдағы Республика сарайында егу орталығында Covid-19-ға қарсы вакцина салғалы жатыр. 2 сәуір, 2021 жыл.

Жұма, 9 сәуірде Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны зертханада дәлелденген 2 734 науқас тіркелді. Бұл – пандемия басталғалы бергі ең үлкен көрсеткіш.

Елдің ең ірі екі қаласында науқас бәрінен көп. Өткен тәулікте Алматыда 715 жаңа науқас қосылса, Нұр-Сұлтанда 548 кісі осы диагнозбен есепке алынды. Аймақтар арасында Алматы облысы алда тұр, мұнда бір тәулікте Covid-пен 369 адам тіркелген.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда осы күнге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 266 677 адам санаққа алынды.

Өткен тәулікте 1511 адам бұл аурудан жазылып шыққан.

Бейсенбі, 7 сәуірде симптомдары коронавирусқа ұқсайтын, бірақ тесті кері нәтиже көрсеткен 101 адам тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі "ковидтектес пневмония" санағын жүргізе бастаған былтырғы тамыздан бері бұл диагноз 51 260 адамға қойылған. Бұл науқастар коронавируспен ауырғандардың жалпы статистикасына қосылмай, бөлек есептеледі және "ковидтектес пневмониямен" тіркелгендердің есебін министрлік бір күн кешіктіріп жариялайды.

7 сәуірде Қазақстанда Covid кесірінен 12 адам, ал оған ұқсас пневмониядан бір адам көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, былтырғы наурыздан бері елде коронавирус инфекциясынан 3 202 адам, ал оған ұқсас пневмониядан 722 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 10 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 282 372 адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті, тағы 103 909 адамға екінші бөлігі салынған. Елде 1 ақпаннан бері ресейлік "Спутник V" екпесін егіп жатыр, препарат коронавирустан толық қорғауы үшін адам ағзасына оның екі дозасы салынуы тиіс.

Америкадағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 134 миллионнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 2,9 миллион адам осы дерттен көз жұмған. Ауру жұқтырғандар саны бойынша АҚШ, Бразилия, Үндістан, Франция және Ресей алда тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG