Accessibility links

Қырғызстанда конституциялық референдум басталды. Қабылданса, президент құзыреті кеңеймек


Жалал-Абад облысындағы сайлау учаскесі. Қырғызстан, 11 сәуір 2021 жыл.
Жалал-Абад облысындағы сайлау учаскесі. Қырғызстан, 11 сәуір 2021 жыл.

11 сәуір күні Қырғызстанда жергілікті кеңеш (мәслихат) депутаттарын сайлап, референдумға қатысып жатыр. Референдумда азаматтарға президент құзыретін кеңейтетін конституция жобасы ұсынылып отыр. Сайлаушылар осы жобаға дауыс берсе, Қырғызстан 2010 жылғы сәуір революциясынан кейін қабылданған парламенттік-президенттік басқару формасынан бас тартады.

Наурыздың соңында Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы қырғыз билігі ұсынған жаңа конституция жобасы жөнінде пікірін жариялады.

Комиссия жаңа жобаның кей тұстары билік тармақтарының тепе-теңдігіне, адамның құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіреді деген қорытындыға келген. Мысал ретінде ұсынылған жобаның 70-бабы келтірілген. Онда "президент министрлер кабинетінің құрамы мен құрылымын анықтайды деп жазылған. Комиссияның пікірінше, осы секілді баптар мемлекет басшысының құзыретін кеңейтіп, заң шығарушы тармақтың құзыретін азайтпақ.

Комиссия сондай-ақ "Халық құрылтайы" дейтін жаңа институттың құзыреті нақтыланбаған, министрлер кабинеті төрағасының құзыреті анықталмаған дейді.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында ел президенті Садыр Жапаров жаңа конституция "қуатты президент билігі мен тәртіп орнату" үшін керек деп айтқан.

"Меніңше, елді алға жетелейтін конституция болады. Бұл конституцияның елде тәртіп орнататынына сенемін" деді Жапаров.

  • Жапаров президенттікке былтыр қазандағы парламент сайлауынан кейін пайда болған толқулар нәтижесінде келген. 4 қазанда елде парламент сайлауы өтіп, билікке жақын партиялар жеңімпаз атанғанда, сайлаушылар жаппай наразылық танытып, көшеге шықты. Наразы топ президент әкімшілігі мен парламент депутаттары отыратын резиденцияны басып алып, қамауда отырған бірнеше саясаткерді күшпен босатты. Олардың арасында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен Садыр Жапаров та бар еді.
  • Адам ұрлау айыбымен сотталған Жапаров толқу күндері премьер-министр қызметіне кірісіп, артынан Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткенде, президент міндеті қатар алып жүретін болды. Бірақ көп ұзамай 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауына түсетінін айтып, өкілеттерінен бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG