Accessibility links

Алып қашқан қызды құтқармағаны үшін Қырғызстанның 44 полицейі жазаланды


Айзада Қанатбекованы ақтық сапарға шығарып салу рәсіміндегі сурет. 8 сәуір 2021 жыл.
Айзада Қанатбекованы ақтық сапарға шығарып салу рәсіміндегі сурет. 8 сәуір 2021 жыл.

"Қыз алып қашып, өлтіру" оқиғасынан кейін Бішкек полициясының бастығы қызметінен босатылып, ондаған жауапты қызметкерлер жазаланды.

10 сәуірде Қырғызстан ішкі істер министрлігі Бішкек полициясының бастығы Бақыт Матмұсаевты, оның орынбасары Ерлан Атантаевты, тергеу қызметінің бастығы Нұрлан Өтемісовты және өзге де жауапты қызметтегілерді босатқанын хабарлады. Бұдан басқа ондаған полицейге ескерту мен сөгіс секілді тәртіп шарасы қолданылған. Тексеріс нәтижесінде барлығы 44 полиция қызметкері жазаланған.

5 сәуір күні Бішкекте бірнеше жігіт көшеде бара жатқан 27 жастағы Айзада Қанатбекованы көлікке күштеп отырғызып, алып қашқан. Оқиға көшедегі камераға түскен, видеодан көлік маркасы мен нөмірі анық көрінген. Екі күннен соң Қанатбекова мен оны ұрлағандардың бірі саналатын Замирбек Теңізбаев сол көлік ішінде өлі табылған. 8 сәуір күні Бішкекте ірі наразылық акциясы өтіп, ашулы халық ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтен отставкаға кетуді талап етті.

Наразылар үкімет үйіне шерулетіп, ел премьері Ұлықбек Мариповпен кездескен. Үкімет басшысы іс бойынша қызметтік тексеріс басталғанын, оқиғаның президент бақылауында екенін айтқан.

Болған оқиғаға "моральдық тұрғыда жауапты" екенін айтқан ішкі істер министрі Ниязбеков қызметінде қалды.

Тергеушілер 36 жастағы Замирбек Теңізбаев Айзада Қанатбекованы қылқындырып өлтіріп, артынан өзіне қол салған болуы мүмкін дейді. Олар сондай-ақ Теңізбаевтың осыған дейін Ресейде үш рет істі болғанын айтты.

Әзірге кісі ұрлау ісі бойынша төрт адам күдікке ілініп, қамауда отыр.

Айзада Қанатбекованың туыстары полиция іске салғырт қарады дейді. Анасы Назгүл Шәкенова мен немере әпкесі Азаттықтың Қырғыз қызметіне Айзаданың ұрланғанынан 12 сағат өткенде жеке-жеке қоңырау шалғанын айтты.

Олардың сөзінше, Айзада оларға алып қашқан жігіттің бастапқыда Ош қаласына алып кетпек болғанын, кейін босатуға келіскенін, Бішкекке келе жатқанын айтқан.

Айзаданың анасы мен әпкесі тергеушіге бірден қоңырау шалғанын, бірақ тергеушінің немқұрайлы жауап бергенін хабарлады.

Төрт тілде еркін сөйлейтін Қанатбекова үйінің жалғыз қызы болған. Бішкектегі Қырғыз-Түрік Манас университетін тәмәмдаған.

Қырғызстанда қыз алып қашу 2013 жылдан бері қылмыс саналса да, әлі күнге дейін тоқтамай отыр.

2018 жылы 20 жастағы студент Бұрылай Тұрдалықызы күштеп некеге тұрғызбақ болған жігіттің қолынан қаза тауып, арты үлкен наразылыққа әкелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG