12 сәуірде Шымкент гарнизон соты Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылысқа қатысты істі қайта қарай бастады. Қаңтар айында сот "қылмыстық істегі кемшіліктерді жою және іске қатысы бар басқа да адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін" істі прокуратураға қайта тергеуге жіберген еді.
Шымкент гарнизоны сотының өкілі Ғани Өтеулиев Азаттыққа істі қайта қарау басталғанын растағанмен оған қатысты басқа ақпаратты тек ресми хат арқылы беретінін хабарлады.
"Сот кабинеті" жүйесіндегі ақпаратқа қарағанда, істе бұрынғыша айыпталушы ретінде 16 адам танылған. Онда айыпталушылардың аты-жөні мен істі қарау уақыты көрсетілген. Прокуратура соттың уәжінде көрсетілгендей "іске қатысы бар басқа адамдарды қылмыстық жауапқа" тартпаған.
Жыл басында сотқа істі кері қайтару туралы талап-тілекті Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 323-бабын ("Соттың істі прокуратураға жіберу") негізге ала отырып адвокаттар түсірген еді. Шымкент гарнизоны соты істі кері қайтару туралы қаулыны 21 қаңтарда шығарған.
Бұған дейін сот видеоматериалдарда мемлекеттік құпияға байланысты деректер шыққан соң істі жабық өткізу туралы қаулы қабылдаған.
Арыстағы жарылысқа байланысты сот отырысы 2020 жылдың 11 маусымында басталған. 400-ден астам томнан құралған істе 16 адам айыпталушы, 1500 адам жәбірленуші деп танылған. Айыпталушылар арасында әскери қойманың командирі мен орынбасары да бар. Оларға "Жарылыс қаупi бар нысандарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" (281-бап), "Немқұрайлық" (371-бап) баптары бойынша айыптар тағылған.
2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қазаға ұшырады. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды. Оқиға салдарынан алпыс мыңнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.
Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған. Олар кейінірек Арысқа қайта оралған.
ПІКІРЛЕР