Былтыр жыл соңында Ұлыбританияда алғаш анықталған коронавирус түрі немесе британдық штамм коронавирустың ауыр түріне шалдықтырмайды. Британдық The Lancet Infectious Diseases және The Lancet Public Health медициналық журналында жарияланған зерттеу авторлары осындай қорытындыға келген.
The Lancet Infectious Diseases журналындағы зерттеу Лондондағы екі аурухананы бақылау қорытындысына сүйеніп жазылған. Мамандар 341 пациенттің жағдайын зерттеген. Британдық штамм жұқтырған науқастардың 36 пайызының жағдайы ауыр болған, кей кезде адам өліміне апарған. Ал вирустың өзге нұсқалары табылған науқастар арасында бұл көрсеткіш 38 пайыз болған.
Ал The Lancet Public Health журналында жарияланған зерттеудің ауқымы көлемдірек, оған ПТР тесті оң шыққан 37 мыңға жуық адам қатысқан. Науқастар ауру белгілері мен денсаулығы жайлы мобильді қосымшасы арқылы хабарлап отырған.
Дегенмен екі зерттеу Ұлыбританияда анықталған мутация коронавирустың алғашқы түріне қарағанда 1,35 пайыз есе шапшаң жұғатынын көрсеткен.
Былтыр күзде ғалымдар Ұлыбританияда коронавирус мутациясының пайда болғанын хабарлаған. Бұған дейін оның вирустың қарапайым түріне қарағанда тез жұғатыны хабарланды. Кейінірек Оңтүстік Африка және Бразилия штамы жайлы да белгілі болды. Сарапшылардың бағалауынша, қазір Еуропадағы коронавирус жұқтырғандардың жартысына жуығына британдық штамм жұққан. Ддүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың жаңа түрлері тез жұққанмен адам өліміне жиі соқтырмайды, олармен вакциналар да тиімді күреседі деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР