Accessibility links

Беларусьте оппозициялық партия жетекшісі мен саясаттанушы ұсталды


"Беларусь халық шебі" оппозициялық партиясының төрағасы Григорий Костусев (сол жақта).
"Беларусь халық шебі" оппозициялық партиясының төрағасы Григорий Костусев (сол жақта).

Беларусь ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "Беларусь халық шебі" оппозициялық партиясының төрағасы Григорий Костусев пен танымал саясаттанушы Александр Федутаны ұстағанын растады.

13 сәуірде жарияланған ҰҚК мәлімдемесінде ұсталғандардың әзірге анықталмаған айыптармен қамауға алынғаны және толық ақпарат кейінірек таратылатыны жазылған.

Бұған дейін Костусевтің туыстары саясаткердің 12 сәуірде Могилев облысы Шклов қаласында ұсталып, Минскіге жеткізілгенін хабарлаған. Александр Лукашенконы сынап жүрген Мәскеуде медиакеңесші болып істейтін саясаттанушы Александр Федутаның да сол күні хабарсыз кеткені белгілі болды.

Туыстары оның жоғалғанын хабарлағаннан кейін Мәскеу полициясы іздей бастаған. Күйеуін іздеу үшін Мәскеуге жолға шыққан Федутаның әйелі Марина Шибко да күйеуінің ұсталғанын кейінірек білген.

Беларусьте былтыр тамыз айында басталған Александр Лукашенко билігіне қарсы наразылық жалғасып жатыр. Наразылар 9 тамызда өткен президент сайлауының нәтижесі бұрмаланғанын айтып, әділ сайлауды талап еткен. Соңғы айларда наразылардың қарасы едәуір сиреген. Полиция жаппай наразылықты аяусыз басып-жаншып, көбін ұстаған. 27 наурызда жыл басынан бергі ең ірі наразылық кезінде 200-ден астам адам ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG