Accessibility links

HRW түрмедегі Алексей Навальныйдың жағдайына алаңдап, Ресей билігін айыптады


Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот Покров түрмесінде қамауда отырған оппозиционер Алексей Навальныйдың жағдайына алаңдап, оған қатысты түрмеде болып жатқан оқиғаларды "оппозиция жетекшісінің ар-намысына тию талпынысы" деп атады.

"Дождь" телеарнасына берген сұхбатында Рот құқық қорғаушылар түрмедегі Навальныйдың жағдайын білу үшін ақпаратты тірнектеп жинауға мәжбүр деді.

Human Rights Watch ұйымының жетекшісі түрмеде Навальныйды түрлі әдістермен "еңсесін түсіруге" тырысып жатыр деп санайды. Оның қашып кеткенін-кетпегенін тексеру үшін түнде сағат сайын оятып, мазасын алған. Екі айдан астам уақыт қамауда отырған саясаткер бірнеше ауруға шалдыққан. Оның омыртқа дискінде "грыжалары" бар, белі ауырады. Бұдан бөлек, дене қызуы көтеріліп, қатты жөтеледі. Бірақ соған қарамастан оған қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетілмей отыр дейді құқық қорғаушы.

Кеннет Рот құқық қорғаушылар Навальныйдың жағдайына қатты алаңдап отырғанын жеткізді. Егер Навальный колонияда көз жұмса, "халықты ыза кернейді" деді ол.

Ұйым жетекшісі Ресей билігіне қарата "Егер Навальныйдан құтылсақ, оны түрмеге жіберсек, Ресей халқының демократияға ұмтылысынан да құтыламыз деп құр босқа үміттенбеңіздер. Бұл екі қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлде бөлек нәрселер. Иә, Навальный маңызды лидер, маңызды катализатор, бірақ демократияға талпыныс, жемқорлықты жеңуге ұмтылыс, олигархтарға емес, халыққа қызмет еткісі келетін үкіметке қажеттілік – осының бәрі Алексей Навальный тұлғасынан гөрі тереңде жатыр" деді.

  • 2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылы "Ив Роше ісі" бойынша шыққан шартты жаза ережелерін орындамады деп саясаткерді түрмеге жіберген. Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты істің саясиланғанын айтқан. Оппозиционер түрмеде шамамен 2,5 жыл болады. ​
  • Наурыз айының ортасында Навальный белі мен аяғының ауыратынына шағымданған. 31 наурызда өзіне қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетілмей жатқанын мәлімдеп, аштық жариялаған. Компьютер томографиясы оның омыртқа дискісінде "грыжа" барын көрсеткен. Осыған дейін саясаткер "респираторлық ауру белгілерімен" түрменің медициналық бөліміне жатқызылған. Ол адвокаттарына отрядтағы 15 адамның үшеуінен түбіркүлез анықталып, ауруханаға түскенін хабарлаған. Ал түрме дәрігерлері Навальныйдың өзі де қатты жөтеліп, дене қызуы жоғары болғанын айтқан.
  • Наурыз айының соңында мыңнан астам дәрігер билікке ашық хат жазып, саясаткерге тәуелсіз дәрігерді кіргізуге шақырған.
  • Федералдық қылмыстық жазаны орындау комитеті (ФСИН) оған көмек көрсетіліп жатқанын алға тартады.
  • 13 сәуірде Алексей Навальныймен әйнек қойылған кабинетте телефон арқылы сөйлескен әйелі Юлия Навальная Инстаграмдағы парақшасында күйеуінің 76 килограмға (бойы 190 см) дейін арықтап кеткенін жазды. Әйелінің айтуынша, ол "әрең сөйлейді" және "әл жинап алуы үшін телефон тұтқасын оқтын-оқтын қойып отыруға мәжбүр болған" деді ол. Оның сөзіне қарағанда, Навальныйға әлі күнге дейін азаматтық дәрігерді кіргізбеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG