Accessibility links

АҚШ Қара теңізге кеме жіберу жоспарынан "айныды"


 Америкалық эсминец "Дональд Кук".
Америкалық эсминец "Дональд Кук".

Ақпарат агенттіктері мен түркиялық БАҚ түріктің ресми тұлғалары мен дипломаттарына сүйене отырып, америкалық әскери кемелердің Босфор бұғазы арқылы Қара теңізге қарай өту операциясының шегерілгенін хабарлады.

Монтре конвенциясына сай кемелерінің Босфор бұғазы арқылы өтетіні жайлы Түркия билігіне ескерту жолдаған АҚШ өтінішті жарты жолда қайтарған. Себебі белгісіз. Америка тарабы ресми түсініктеме бермеді.

Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушыққан шақта АҚШ-тың сәуір ортасында Қара теңізге әскери екі кемесін жіберетіні бірнеше күн бұрын белгілі болған. Сол кезде кемелерді жіберудегі мақсат – АҚШ пен одақтастарының Украинаны қолдайтынын білдіру екені айтылған.

13 сәуірде АҚШ және Ресей президенттері телефон арқылы сөйлескен. Тараптар өзге мәселелермен қатар Украина жайына да тоқталған. Ақ үйдің хабарлауынша, Джо Байден Владимир Путинге Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын айқын аңғартқан. Байден сонымен бірге Путинге алдағы уақытта кездесуді ұсынған.

Сәрсенбі күні Байден Украина төңірегіндегі мәселені Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы талқылаған. Меркель кеңсесінің мәліметінше, мемлекет басшылары Украинамен шекарада ресейлік әскерилерді азайту жағдайды қалыпқа келтіруге көмектеседі деген тұжырыммен келіскен.

Ресей-Украина мәселесі НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Брюссельдегі кездесуі кезінде де талқыланды. Олар Ресейді "арандатуын доғарып", жағдайды түзеуге шақырған. АҚШ қорғаныс министрі Ллоид Остин Вашингтон Киевке қорғаныс саласын нығайтуға бұдан ары қарай да көмектесе береді деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG