Accessibility links

Навальный жақтастарының бірі Любовь Соболь бір жыл түзету жұмысына міндеттелді


Сот үкімінен кейін сұхбат беріп тұрған Любовь Соболь. Мәскеу, 15 сәуір 2021 жыл.
Сот үкімінен кейін сұхбат беріп тұрған Любовь Соболь. Мәскеу, 15 сәуір 2021 жыл.

Мәскеудің бітім соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальный жақтастарының бірі, заңгер Любовь Собольді ФСБ қызметкері Константин Кудрявцевтің пәтеріне "заңсыз кіргені үшін" кінәлі деп таныды. Константин Кудрявцев – Алексей Навальныйға оны қалай улағаны туралы телефонмен айтып берген ФСБ қызметкері. Сот Собольді шартты түрде бір жыл түзету жұмысын атқаруға міндеттеді. Бұған қоса, бір жыл сынақ мерзімін тағайындады. Егер оппозиционер шартты жаза ережелерін бұзса, онда ол шынайы түзету жұмысына жегіліп, жалақысының 10 пайызы ұсталып отырады.

Тергеу органдарының айтуынша, Соболь былтыр 21 желтоқсанда Мәскеуде Константин Кудрявцевтің отбасына тиесілі пәтерге барған. Оппозиционер оның қайын енесін итеріп, ғимаратты айналып шығып, кетіп қалған. Ал Кудрявцевтің өзі бұл іске мүлде тартылмаған. Ол іс бойынша куәгер де емес, жәбірленуші де емес.

Соболь Навальныйдың улануына қатысты сұрақ қою үшін Кудрявцевтің пәтерінің қоңырау түймесін басқанын мойындайды. Ол пәтерге кіру үшін Кудрявцевтің қайын енесіне күш қолданбағанын айтады және тергеу органдарының дерегіндегі мәліметтер қиыспайтынын да алға тартады.

Ол соңғы сөзінде Навальныйды улау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын да атап өтіп, "Мен айыптау сипатындағы үкім шығатынына сенімдімін. Себебі айыпталушының орнында Навальныйды улағандар емес, "Единая Россия" мүшелері емес – мен отырмын" деді ол.

Ресей заңнамасына сәйкес, жұмыс орны бар сотталушы сол жұмыста жазасын өтейді. Ал жұмыс орны жоқ сотталушының қай жерде жұмыс істейтінін қылмыстық-атқару инспекциясы анықтайды.

Былтыр желтоқсан айында Алексей Навальный Youtube-те ФСБ қызметкері делінген Константин Кудрявцевпен телефон әңгімесін жариялаған. Кудрявцевтің сөзіне қарағанда, оппозиционерді ФСБ қызметкерлері улаған. У Навальный Томксіде қонақ үйде тоқтаған кезде оппозициционердің іш киіміне жағылған. ФСБ жазбаның жасанды екенін айтып, айыптарды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG