Accessibility links

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі коронавирусты уқорғасынмен емдеуге болады деп санайды


Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев Бішкектегі баспасөз жиынында. 16 сәуір 2021 жыл.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев Бішкектегі баспасөз жиынында. 16 сәуір 2021 жыл.

Қырғызстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымкадыр Бейшеналиев 16 сәуір күнгі баспасөз жиынында журналистердің көзінше уқорғасын тамырының (Ыстықкөл тамыры немесе аконит) тұнбасын ішті. Оның алдында министр қазіргі президент Садыр Жапаровтың былтыр коронавирус індеті басталып жатқан шақта сол кездегі басшы Сооронбай Жээнбековке хат жазып, Ыстықкөл тамырының шипалы қасиеті жайлы айтқанын жеткізді. Министрдің айтуынша, Жапаров аталған өсімдіктің тамыры коронавирусты да емдейтінін жазған.

Бейшеналиевтің сөзіне қарағанда, қазіргі президентке тамырды қалай қолдану керектігін әкесі үйреткен.

"Ол маған қайырылды. Ол кезде мен министр емес, қарапайым дәрігер болатынмын. Тұнбаны туыстарыма беріп, сынап көрдім, олардың жағдайы тәуірледі. Сосын Садыр Нұрғожаұлына (Жапаров) қайырылып, бізге коронавирусты емдеумен күресуге көмектесуін сұрадым. Біздің жігіттер сол тамырды іздеп, жинап жатыр, осында дәрі жасаймыз. Ыстықкөл тамырын қайнатып, тұнбасын пациенттерге бердік. Коронавирустың жеңіл түріне шалдыққандар соны ішкеннен кейін бірден сауығып кетті. Ауыр түріне шалдыққандар тұнбаны бірнеше күн ішіп жүрді. Оны ыстықтай ішу керек" деді министр.

Ол осындай әдіспен шамамен 300 пациенттің емделіп шыққанын және оның дозасын бір ғана адам – президент Садыр Жапаров білетінін айтты.

Бұдан соң министр тікелей эфирде шәйнектен сұйықтық құйып ішті. Министрдің айтуынша, ол Ыстықкөл тамырының тұнбасын қабылдаған.

Сарапшылар аталған өсімдіктің өте улы екенін және оны тіпті дене сыртына да жағуға болмайтынын айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейшеналиевтің мәлімдемесіне сақтықпен қарап, Aconítum soongáricum (Ыстықкөл тамыры немесе уқорғасын) дәрісінің коронавирус бойынша тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде мәліметі жоғын айтты. ДДСҰ клиникалық сынақтан өтпеген препараттың тіркелмейтінін және халыққа пайдалануға ұсынылмайтынын ескертті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG