Accessibility links

Коронавируспен тағы 2,8 мыңнан астам адам тіркелді


Коронавирус екпесін салдыруға келгендер кезегін күтіп отыр. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.
Коронавирус екпесін салдыруға келгендер кезегін күтіп отыр. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

Қазақстанда 17 сәуір күні Covid инфекциясын жұқтырғаны ПТР әдісімен расталған 2828 адам тіркелді. Оның жартысына жуығы Алматы мен Нұр-Сұлтан үлесінде.

Індеттің тарауы жөнінен алда келе жатқан Алматы қаласында коронавируспен бір күнде 677 адам тіркелген. Бұл – алдыңғы күндердегімен шамалас көрсеткіш. Қалада күнделік анықталатын науқас саны бойынша рекорд 8 сәуір күні орнаған. Сол күні қалада 717 науқас шыққан. Осылайша, Алматыда Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған адамдардың жалпы саны 45,5 мыңнан асып отыр.

Іргелес жатқан Алматы облысында 248 науқас шыққан. Бұл – тәулік көрсеткіші бойынша аймақтар арасындағы үшінші нәтиже. Облыс кейінгі күндері тәулік сайын ондаған адам коронавирус пневмониясымен (КВИ-) тіркеліп жүр.

Нұр-Сұлтанда бір күнде 636 науқас тіркелген. Қазақстан астанасында осымен төрт күн қатарынан күн сайын 600-ден астам науқас анықталып отыр. Қалада індет басталғалы барлығы 39 мыңнан астам адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған.

Қарағанды облысында 210, Ақтөбе облысында 200, Атырау облысында 127, Шымкентте 126, Батыс Қазақстан облысында 109, Шығыс Қазақстан облысында 105, Ақмола облысында 102 науқас тіркеліп отыр. Қалған аймақтарда коронавируспен тіркелетін науқастардың күнделік саны 100-ден төмен.

Коронавирустан бір күнде 1806 адам емделіп шыққан.

Қазақстанда осылайша, коронавирус жұқтырғаны расталғандардың жалпы саны 287 мыңнан асып отыр. Оның 246 мыңнан астамы жазылып үлгерген.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап Covid жұқтырғаны ПТР әдісімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 15 сәуір аралығында пневмонияның бұл түрімен барлығы 51 763 адам тіркелген. Оның 748-і қайтыс болған.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде коронавируспен барлығы 140 миллионнан астам адам тіркелген. Оның 80 миллионы жазылған, 3 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG