Accessibility links

Коронавирустан 22 адам қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

16 сәуір күні Қазақстанда 22 Covid өлімі тіркелген. Коронавирус қайтыс болғандардың жиырмасынан ПТР әдісімен анықталған (КВИ+). Екеуінде ПТР әдісімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын коронавирус пневмониясы (КВИ-) диагнозы қойылған.

КВИ+ бойынша қайтыс болғандардың жалпы саны 3384-ке жетіп отыр. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" дегендер кірмейді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректі жүйелі түрде жарияламайды, тек журналистер сауал жолдағанда ғана жауап береді. Азаттықтың екі апта бұрын жолдаған сауалына әлі жауап келмеді. Кейінгі деректі Qazaqtimes жариялаған. Басылым министрлікке сілтей отырып, 2020 жылғы 1 наурыздан 2021 жылғы 29 наурызға дейін коронавирус жұқтырған 1619 адамның "өзге аурудан қайтыс болғанын" мәлімдеді.

Қазақстан үкіметі 2020 жылғы 1 тамыздан бастап вирус жұқтырғаны ПТР әдісімен расталмаған Covid науқастарын (ковидтектес пневмония немесе КВИ-) да тіркеп отыр. Содан бері ковидтектес пневмония диагнозы қойылған 750 адам қайтыс болған.

Биліктің Covid өлімі жөніндегі бұл дерегіне күмән келтіретіндер көп. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр барлығы 162 мың адам қайтыс болған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 30 мыңға көп. Эпидемия саласында мұны "артық өлім" деп атайды. Мұның бәрі коронавирустан қайтыс болды деп айтуға негіз жоқ. Індет өршіген тұста ауруханаға артық салмақ түсіп, адамдар жай уақытта оңай емделетін аурулардан қайтыс болып жатады. Дегенмен, Covid өлімі мен "артық өлім" арасындағы алшақтық күмәндануға себеп болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG