Accessibility links

Чехия Ресейдің 18 дипломатын еліне қайтарып отыр


Чехия премьер-министрі Анджей Бабиш.
Чехия премьер-министрі Анджей Бабиш.

Чехия әскери қару-жарақ қоймасындағы 2014 жылғы жарылысқа Ресей барлау қызметінің қатысы болуы мүмкін деп, Ресей елшілігінің 18 қызметкерін еліне қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 17 сәуірде Чехия үкіметінің басшысы Анджей Бабиш пен сыртқы істер министрі Ян Гамачек мәлімдеді.

Бабиштің сөзінше, Чехияның құқық қорғау органдары Врбетиц ауылындағы ауқымды жарылысқа Ресей әскерилерінің қатысы барын дәлелдеген.

"Чехия Республикасы – егемен мемлекет және ол мұндай деректер әшкере болғанда жауап беруі тиіс" деді елдің премьер-министрі.

"Неміс толқыны" радиосының хабарлауынша, Чехияның сыртқы және ішкі істер министрі қызметін қатар атқарып отырған Ян Гамачек Ресей елшілігінде істейтін 18 дипломаттың шын мәнінде Ресей бас барлау басқармасы (ГРУ) мен сыртқы барлау қызметінің адамдары екенін дәлелдейтін айғақтың барын айтқан. Дипломаттарға елден кетуге 48 сағат беріліп отыр.

Осының алдында ғана Ян Гамачектің Мәскеу сапарынан бас тартқаны белгілі болды. Бұл сапарда ол "Спутник V" вакцинасын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізбек болған. Бұл жоспары үшін Гамачекті өз коалициясындағы әріптестері де, оппозиция да сынаған.

Праганың 18 дипломатты қайтаруы Чехияның Ресеймен қарым-қатынасына нұқсан келтіреді деді Ресей мемлекеттік думасы халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий.

"Дипломатиялық миссияның 18 қызметкерін қайтару – Ресеймен екіжақты қарым-қатынасына ауыр соққы" деді Слуцкий журналистерге сенбі, 17 сәуір күні. "Негіздемесі де, 2014 жылғы оқиғаға сілтеуі де сын көтермейді. Мұндай қадамға баруға шынайы себептің жоғына сенімдімін".

Слуцкий Ресейдің Праганың қадамына қарымта қайтаратынын мәлімдеді.

Осы арада Чехия полициясы әртүрлі паспорты бар деген екі Ресей азаматына іздеу салды. Бұл екі азамат Чехияда 2014 жылы 11-16 қазан аралығында болған. Полицияның сөзіне қарағанда, әңгіме Александр Петров пен Руслан Боширов дейтін атышулы ресейліктер жөнінде болып отыр.

Ұлыбритания Петров пен Бошировті Сергей мен Юлия Скрипальдарды "Новичокпен" улауға қатысы бар ГРУ қызметкерлері санайды. Bellingcat пен The Insider мәліметінше, Петров пен Бошировтың нағыз аты-жөні Анатолий Чепига және Александр Мишкин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG