Accessibility links

Жаңаөзенде "Бұрғылау" мұнай сервис компаниясының аутсорсинг жұмысшылары ереуілге шықты


"Фиркрофт" ЖШС жұмысшылары үндеулерін оқып тұр. Сәуір айы 2021 жыл.
"Фиркрофт" ЖШС жұмысшылары үндеулерін оқып тұр. Сәуір айы 2021 жыл.

Жаңаөзенде "Бұрғылау" мұнай сервис компаниясына мердігер "Фиркрофт" ЖШС-інің жүзге тарта жұмысшысы жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады. Жұмысшылардың сөзіне сүйенген Vlast сайтының жазуынша, 19 сәуірде еңбек инспекциясы, қала әкімінің орынбасары мен кеңесшісімен кездесуден нәтиже шықпаған.

Интернетте тараған видеолардың бірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қала әкімі Серікбай Тұрымовқа үндеу жолдаған жұмысшылар 19 сәуірден бастап жұмысын тоқтатқанын хабарлайды.

"Себебі осы күнге дейін Жаңаөзен қаласының әкімдігі және бұрғылау мекемесінің басшылары біздің мәселелерімізді шеше алмады. Себебі, көптеген заңсыздықтар орын алып жатыр. Осы заңсыздықтар үш күн ішінде шешілмесе, Жаңаөзен қаласының мұнай саласы мекемелерінен ынтымақтастық білдіруін сұраймыз. Атап айтқанда, "Өзенмұнайгаз", "Бұрғылау" және өзге мұнай компаниялары" деп жұмысшылардың бірі үндеуді оқып берген.

"Бәсе" арнасы таратқан видеода "Бұрғылау" компаниясының бас директоры Мұстақим Беркалиевтің ереуілшілермен келіссөз жүргізіп жатқаны көрінеді. Жұмысшылар талаптарының бірнеше жылдан бері орындалмай келе жатқанына шағымданады. Олардың кейбірі талаптарын орындату үшін астанаға дейін баратынын айтып ескертеді.

Жұмысшылардың бірі Vlast сайтына келіссөзден нәтиже шықпағанын хабарлаған.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек кодексіне енетін түзетулерді мақұлдап, соған сәйкес аутсорсинг компания қызметкерлері өздерін жалдайтын кәсіпорын қызметкерлерімен тең жалақы алуы тиіс болған. Бірақ соған қарамастан 2018 жылы "Фиркрофт" ЖШС-імен келісімге қол қойған "Бұрғылау" компаниясы мердігер компания жұмысшыларының жалақыларын өсірмей, кодекс ережелерін орындамай отыр дейді жұмысшылар.

Қазақстанда соңғы кезде жалақы өсіруді талап еткен мұнайшылар ереуілі жиіледі. Өткен аптада Қызылорда облысында "Қуат Амлон Мұнай" компаниясының 300-ден астам жұмысшысы жалақы өсіруді талап еткен. Оның алдында Ақтөбеде мұнайшылар жұмыс беруші компанияға сондай талап қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG