Accessibility links

ҰҚК шекара қызметі Атыраудағы наразылық туралы: Ешкімге жер берілген жоқ


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі бастығының орынбасары Айдар Аймурзин. Видеодан алынған скриншот.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі бастығының орынбасары Айдар Аймурзин. Видеодан алынған скриншот.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Атырау облысы Көптоғай ауылында болған наразылыққа қатысты түсініктеме беріп, "ешкімге жер берілген жоқ" деп мәлімдеді. Өткен аптада Қазақстан-Ресей шекарасындағы қоршау орнату жұмыстары жергілікті халықтың наразылығын туғызған. Тұрғындар оның заңға қайшы жүргізіліп жатқанын алға тартып, өзенге жол жабылғанына да шағымданған. Интернетте ара-тұра "кейбір аумақтың Ресей жағына қарай өтіп кеткені" туралы да сыбыс тараған.

"Ешкімге жер берілген жоқ. Екіншіден, өзенге баратын жол сақталып қалды. Бұған қоса, әкімдікпен бірге өзенге қолайлы бару жолдары қарастырылады" деді дүйсенбі күні ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзин.

Оның видеомәлімдемесі дүйсенбі күні кешке ҰҚК-ның Youtube арнасында жарияланды.

Шекара қызметі өкілінің айтуынша, заңнамада шекара аумағында инженерлік жабдықтар және қоршаулар орнату мәселесі қарастырылған. Қоршау мемлекеттік шекара сызығынан 100 метр аулақ орналасқан. 2008 жылы Көптоғай ауылы тұрғындарының өтінішімен ірі қара мал Ресей жағына қарай өтіп кетпес үшін қоршау орнатылған. Кейінірек оның дұрыс жүргізілмегені анықталып, түзету қажет болған. Шенеунік өткен аптада туындаған "мәселені" сонымен байланыстырады.

Бұған дейін ҰҚК шекара қызметі 2020 жылы "Көптоғай елді мекені аумағындағы инженерлік жұмыс жолақтарын айқындау кезінде № 23 және 24 шекаралық белгілер арасында бұрын орнатылған ұзындығы 1500 метр болатын қоршаудың Ресей аумағына 70 метрге дейін кіріп кеткені анықталған" деп мәлімдеген еді.

ҰҚК шекара қызметі 19 сәуірде өткен демалыс күндері интернетте тараған видеоны "фейк" деп атап, оның құрастырылғанын да атап өткен.

Өткен демалыс күндері интернетте Көптоғай тұрғындарының Ресеймен шекара маңында қоршау орнатылып жатқанына наразылық білдіріп жатқаны туралы видео тараған. Тұрғындар жаңа қоршаудың кесірінен мал мен егінін суғарып жүрген суаттан айырылатынын айтып, шағымданған. Ал ҰҚК кейінірек наразылық болғанын жоққа шығарып, тараған видеоны "фейк" деп атаған.

Халық наразылығынан кейін жексенбі күні қоршаулардың бұзылғаны хабарланды. Мұны жергілікті билік те растаған.

Қарай отырыңыз: Атырау облысы Көптоғай ауылындағы шекара дауына не себеп болды? (19 сәуір 2021 жыл).

Атырау облысы Көптоғай ауылындағы шекара дауына не себеп болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG