Accessibility links

Сот "Әблязов қозғалысын қолдады" деп айыпталған белсендінің бостандығын екі жылға шектеді


Азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов.
Азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов.

20 сәуірде Қызылорда қаласының N2 соты қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовтің қозғалысын қолдады деп айыпталған азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің бостандығын екі жылға шектеді. Сот бұған қоса, оны 170 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Белсенді Азаттық тілшісіне сот үкімімен келіспейтінін айтты.

– Сот үкімімен келіспеймін. Болашақта БҰҰ-ға, Еуроодаққа өзімді құқымды қорғап, шағым жазамын. Жеті айдан бері қамауда отырып, өзіме тағылған айыптың мәнін түсінбедім, менің ол кісіге (Мұхтар Әблязов – ред.) қатысым жоқ, – деді белсенді 20 сәуірде сот үкімі оқылғаннан кейін.

Азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған). Оған Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айып тағылған. Ол шамамен жеті ай тергеу изоляторында отырды.

Сәуір айының басында ол белгісіз жағдайда ауруханаға түсіп, операцияны бастан кешірді. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Баймағамбетов "қылмыстық істі жүргізу барысымен келіспей", қарсылық ретінде "өз денесін тіліп, кішігірім жарақат салды" деп мәлімдеді. Ал жақтастары ресми түсініктемеге күмән келтіріп, оны тергеу изоляторында соққыға жығуы мүмкін деп болжады.

20 сәуірде оны қолдау үшін сот ғимаратының алдына он шақты адам жиналды.

Мұратбай Баймағамбетов билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.

Былтыр құқық қорғаушылар Мұратбай Баймағамбетовтің саяси себеппен қудаланып жатқанын айтып, "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Қарай отырыңыз: Түрмедегі белсендінің ішін тілген кім? (2 сәуір 2021 жыл).

Түрмедегі белсендінің ішін тілген кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG