Accessibility links

"Өлсем, осы жерде өлемін". Қытай консулдығы маңындағы наразылықққа 72 күн болды


Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізіп тұрған әйел адамдардың бірі консулдыққа қарай өтпек болып еді, полиция қызметкерлері жолын бөгеді. Алматы, 20 сәуір 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізіп тұрған әйел адамдардың бірі консулдыққа қарай өтпек болып еді, полиция қызметкерлері жолын бөгеді. Алматы, 20 сәуір 2021 жыл.

Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап, Алматыдағы консулдығы маңында туыстарына босатуды талап етіп жүрген тұрғындар акциясына 20 сәуірде 72 күн болды. Сейсенбі күні де ол жаққа он шақты әйел жиналып, акция өткізді. Наразылар консулдыққа қарай өтуге тырысып еді, полиция қызметкерлері әдеттегідей олардың жолын бөгеп, жолатпады.

Қытайда қалған туыстарының суреті мен деректері жайлы плакат ұстаған әйелдер "Жазықсыз қамалған туыстарымызды босатсын!", "Қытай геноциді тоқтасын!", "Бостандық" деп айқайлады.

– Мен Қазақстан азаматымын. Туған ағам Бақытхан Мырзаұлы жазықтан-жазықсыз 14 жылға сотталды. Иманы болғаны үшін. Молда болғаны үшін. Үкімет өзі оқытқан. Дипломы бар. Қазір Үрімжіде 14 жылға сотталып жатыр. Менің ағамды іздегеніме міне, төрт жыл болды. Қытайдан оны тезірек отбасына қайтаруын талап етемін. Осы жерде тұрғанымызға 72 күн болды. Қытай тарабы жауап бермеді. Оны босатқан күні ғана акцияны тоқтатамын. Оған дейін тоқтатпаймын. Өлсем, осы жерде өлемін, – деді наразылықта тұрған әйелдердің бірі.

Әлеуметтік желіде тікелей эфирден хабар таратқан белсенді Серік Әжібайдың болжауынша, Қытайда жазықтан-жазықсыз сотталған немесе қудаланған туыстарын іздеп отырған қазақстандықтар көп, бірақ көбінің мұнда келуге мүмкіндігі жоқ, кейбірі қысымнан қорқады.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылық ақпан айында басталған. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан. Осы уақыт аралығында консулдықтан ешкім шықпаған.

Наразылыққа қатысқандардың бірі Фарида Қабылбектің күйеуі Рақыжан Зейнолла 9 сәуірде Шыңжаңнан Қазақстанға ұшып келді. "Тыңшылық" бабымен айыпталған ол Қытай түрмесінде – 13 жыл, "саяси лагерьде" 1,5 жыл болған. Одан шыққаннан кейін үйқамақта болған. Кейбір мамандар Қытайдың оны босатуына халықаралық қысым себеп болды деп санайды.

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG