Accessibility links

Қырғызстанда былтыр "қыз алып қашуға" қатысты 210 іс ашылған, 11-і сотқа жеткен


Көрнекі сурет.

Былтыр Қырғызстанда "Некеге тұру мақсатында адам ұрлау" бабы (175-бап) бойынша 210 қылмыстық іс ашылған. Бұл туралы 20 сәуірде Жогорку кеңешінің салалық отырысында Қырғызстан бас прокуроры Курманкул Зулушев хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, 182 іс тоқтатылған, 11-і сотқа жеткен. Қазір 15 іс тергеліп жатыр.

"Тараптар келісімге келіп, шағым түсірушілер шағымдарынан бас тартқандықтан көп іс тоқтатылған. Біз талдау жүргізуге тырысамыз. Соңғы оқиғалар мұндай істерге көбірек назар аудару қажеттігін көрсетті" деді Зулушев.

Биыл алғашқы үш айда 59 қыз алып қашу фактісі тіркелген, қазір сегіз іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сәуір айында Қырғызстанда 26 жастағы Айзада Канатбекованың өлімі қоғамда резонанс тудырған. 20 сәуірде таңертең Бішкекте белгісіз біреулер Канатбекованы күшпен көлікке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Ұрланған қыздың мәйіті екі күннен кейін қала сыртында көлік салонынан табылды. Көлікті сол жерде мал жайып жүрген шопандардың бірі тауып алған. Милицияның мәліметінше, күдікті қызды футболкасымен тұншықтырған. Қызды алып қашты делінген Замирбек Тенизбаевтың да денесі сол көліктен табылған. Іс аясында қылмысқа қатысы бар делінген төрт адам ұсталған.

Бұл оқиғадан кейін Қырғызстанның бірқатар қаласында митинг өтті. Азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділер биліктен қыз алып қашу қылмысын түбірімен жоюды талап етті. Бішкекте демонстранттар ішкі істер министрі Улан Ниязбековтің отставкаға кетуін талап етті.

Қызметтік тексерістен кейін ішкі істер органының ондаған қызметкері түрлі дәрежеде жазаланған. Кейбірі қызметінен босатылған. Милиционерлердің әрекетін тергеу мақсатында "Немқұрайлық" бабы бойынша іс қозғалған. Істі ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG