Accessibility links

Чадты 30 жыл басқарған президент Деби "содырлармен қақтығыста қаза болды"


Чад президенті Идрис Деби.
Чад президенті Идрис Деби.

Африкадағы Чад мемлекетін 30 жылдан аса уақыт басқарған президент Идрис Деби елдің солтүстігіндегі "содырлармен қақтығыс кезінде" қайтыс болғаны хабарланды. Бұл ақпаратты 20 сәуірде елдің әскерилері мемлекеттік телеарна арқылы хабарлады.

ЧАДТАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ АНЫҚ-ҚАНЫҒЫ

Әскерилердің сөзінше, Деби жексенбі күні содырлармен қақтығыс кезінде жараланып, кейін қаза болған. Чад президентінің нақты қалай қаза тапқаны анық емес.

Чад елі туралы не белгілі?

1,28 млн шаршы шақырым аумағы бар Чадта ресми түрде 11,8 млн халық бар. 1960 жылы Франциядан тәуелсіздік алған. Чадтың жері алтын, уран мен мұнайға бай болса да кедейшілік кең тараған. Медицина мен әлеуметтік жағдай төмен. Елде діни қақтығыстар жиі болып тұрады.

68 жаста болған Деби 11 сәуірде өткен президент сайлауында 79 пайыз дауыс алғаны, 19 сәуірде ресми түрде алтыншы мерзімге сайланғаны хабарланған. Елдегі оппозициялық күштер бұл сайлауға қарсы бойкот жариялаған еді.

Дебидің 37 жастағы ұлы, генерал Махамат Кака уақытша президент деп жарияланды, үкімет пен парламент таратылды. 18 ай бойы Чадты әскерилер басқармақ.

Al-Jazeera сайтының жазуынша, ел Конституциясына сай президент қаза тапқан жағдайда парламент спикері 40 күнге уақытша президент болып бекітілуі тиіс. Бірақ әскерилер Конституцияның да күшін жойды.

Елде кешкі алтыдан таңғы беске дейін комендант сағаты жарияланды. Чадтың шекарасы мен әуе кеңістігі жабылды.

Өздерін FACT (Чадтағы өзгеріс және келісім фронды) деп атайтын топтың содырлары сайлау күні Чадтың Ливиямен шекарасындағы постқа шабуыл жасап, ел астанасы Нджамена қаласына жақындап қалған. Екі тарап арасында қақтығыс сенбі, 17 сәуірде басталған. Чад әскерилері Reuters агенттігіне қақтығыс кезінде 300 содыр қаза тауып, 150 содыр ұсталғанын, әскерилер тарапынан бес солдат қаза болып, 36 сарбаз жараланғанын айтқан. Бұл деректерді халықаралық ақпарат агенттіктері өз бетінше нақтылай алмады.

Президент Деби әскери киіммен қақтығыс аймақтарына жиі барып, әскерилерге қосылып жүретін. Ол демалыс күндері Ливиямен шекара маңында орналасқан содырлар ел астанасына беттей бастағанда әскерилерге барған.

ДЕБИ КІМ?

68 жастағы Деби билікке 1990 жылы Чадтағы толқудан соң келді. Ол – бірнеше қастандық пен толқудан аман қалған һәм Африкада ең ұзақ билікте отырған санаулы президенттің бірі болған.

Деби Африкадағы жихадист топтармен күресте Франция мен Батыс күштерінің ұзақ уақыттан бергі серіктесі еді. Бірақ кейінгі кезде бұл елде Дебидің мұнай ресурстарын жұмсау әдісіне, қарсыластарын қудалауына наразылық күшейген. Сайлауалды насихаты кезінде ол елде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатамын деп уәде еткен еді.

Идрис Деби. 1983 жылғы сурет.
Идрис Деби. 1983 жылғы сурет.

Деби 2018 жылы жаңа Конституция ұсынып, өзіне сайлауға 2033 жылға дейін түсуге мүмкіндік жасап алған еді. Былтыр ол Маршалл атағын иеленген.

Деби 1970 жылдары Чад әскеріне қосылып, азаматтық соғысқа қатысты. Ол Францияда әскери жаттығудан өтіп, ұшқыш лицензиясын иеленген. 1978 жылы Чадқа оралып, елдің сол кездегі президенті Хиссен Хабренің қолдауымен әскердің командиріне айналды. Хабре 1990 жылы биліктен құлатылған. Осыдан соң президенттікке Деби келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG