Accessibility links

Ресейде митинг өтеді деген күні полиция белсенділерді тінтіп, ұстап жатыр


21 сәуірде Ресей қалаларында полиция белсенділер мен журналистерді тінтіп, жаппай ұстай бастады. Сәрсенбі күні елдің көп қаласында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясы өтеді деп хабарланған.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, Мәскеуде оппозиционер Любовь Собольді полиция метро станциясы маңынан ұстаған. Бұл туралы Twitter-де оның адвокаты Владимир Воронин хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, полицейлер Собольді таксиде отырған жерінен ұстап әкеткен.

Мәскеуде сонымен бірге Алексей Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш та ұсталған. Адвокаты Вероника Полякованың сөзінше, Ярмыш тергеушілер шығуға рұқсат еткен уақытта – 10 мен 11 аралығында дүкенге шыққан кезде ұсталған.

Соболь мен Ярмыш қаңтар айындағы Алексей Навальныйды қолдау акциясына қатысты қозғалған істе айыпталушы ретінде танылған. Оларға санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзды деген айып тағылып отыр.

Санкт-Петербурге полиция кемінде алты белсендінің үйіне тінту жүргізген. Ақпаратқа қарағанда, тінту қаңтар айындағы Навальныйды қолдау акциясы кезіндегі жолдың жабылуына қатысты іспен байланысты. Белсенділердің процессуалдық статусы әзірге белгісіз.

Бұған қоса, Нижний Новгород, Дондағы Ростов, Иркутск және өзге қалаларда полицияның белсенділерді ұстап жатқаны туралы ақпарат сәт сайын түсіп жатыр. Красноярск тұрғыны Александр Письманды 20 сәуірде кешке полиция ұстап әкеткен. "ОВД-Инфо" сайтының жазуынша, содан бері белсендіден хабар жоқ. Письман Фейсбукта "Полицияға апара жатыр. Экстремистік бірдеңе дейді..." деп жартысы аяқталмаған пост жазып үлгерген. 18 сәуірде ол парақшасында Алексей Навальныйды қолдау акциясы жайлы хабарландыру ілген.

Мәскеуде полиция SOTA басылымының тілшісі Сергей Куокуге митингіге қатыспау жайлы ескерту жасаған.

  • Навальныйдың жақтастары 31 наурыздан бері түрмеде аштық жариялап жатқан Алексей Навальныйды қолдау акциясын өткізетінін хабарлаған. Навальный өзіне тәуелсіз дәрігерді жіберуін талап етіп отыр. Осыған дейін дәрігерлер оның жағдайының жылдам нашарлап бара жатқанын хабарлаған.
  • Ресей бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі азаматтарға рұқсат етілмеген митингіге қатыспау қажеттігін ескертіп, Қылмыстық кодекстегі жаппай тәртіпсіздік бойынша іс қозғалуы мүмкін екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG