Accessibility links

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі ұзартылды


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі 14 мамырға дейін ұзартылды. Бұл туралы сәрсенбі күні адвокат Дмитрий Куряченкоға сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

"Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты шешім шығарып, үйқамақ ережесін жұмсартты, 8.00 бен 19.00 аралығында қоғам мен отбасына пайда келтіру үшін үйден шығуға рұқсат етті. Алайда қалған шектеулермен қорғау тарабы келіспейді. Қорғау тарабы оны үйқамақтан толық босату қажет деп санайды. Сот сонымен бірге одан күдіктенуге негіз бар ма, жоқ па, сол жағын да тексермеді, ал заң бойынша қамау мерзімін ұзартқан сайын соны да жасауға міндетті болатын" деді Куряченко.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, тергеу органдары денсаулық сақтау саласындағы интеграциялық платформаға бөлінген қаражат ұрланды, ал платформаның өзі істен шыққан деп тұжырымдайды. Алайда ол платформаның жұмыс істеп тұрғанын кез келген адам Egov сайтына кіріп көре алады дейді адвокат. Ол сонымен бірге іске платформаны жасаған Ericsson Nikola Tesla өкілдері, не мердігер, не платформаны қабылдаған комиссия мүшелері тартылмағанына назар аударып, келісімге және қабылдау-пайдалану актісіне қол қоймаған Біртановтың тергеліп жатқанын атап өтеді. Куряченко Біртановтың заңсыз қудаланып жатқанын, оның үйқамақта заңсыз отырғанын да айтқан.

Сәрсенбі күні әлеуметтік желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрінің суреті де жарияланды. Бұған дейін адвокаты оның денсаулығы нашарлағанын, оған шаштаразды да кіргізбейтінін айтқан еді.

Адвокат наурыз айында "тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отыр" деп мәлімдеген.

Былтыр қарашада Біртановтың "ірі көлемде қаржы жымқыру" күдігі бойынша ұсталғаны белгілі болған. Сол кезде бірқатар жергілікті БАҚ экс-министрдің цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты "иемденді" деп айыпталғанын жазды.

Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.

Бұған дейін адвокаты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, экс-министрдің "заңсыз қудалануын" бақылауына алуды өтінген.

50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG