Accessibility links

3016 адамнан коронавирус пен пневмония анықталды, 28 адам қайтыс болды


Қастеев музейінде медицина қызметкерлері тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл.
Қастеев музейінде медицина қызметкерлері тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл.

Сәрсенбі күні 2893 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Барлығының коронавирус тесті оң шыққан. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген жоғары көрсеткіш. Соңғы рет ең жоғары көрсеткіш 10 сәуірде тіркелген, ол кезде 2 842 науқас анықталған еді.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы мен адам өліміне қатысты екі күн бұрынғы мәліметті жариялап жүр. 20 сәуірде 123 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 28 адам қайтыс болған: 24 адамның өліміне – коронавирус, 4 адам өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады.

Өткен тәулікте Алматыда 695 науқас тіркелген. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда – 574, Алматы облысында – 240, Батыс Қазақстан облысында – 185, Қарағанды облысында – 225, Ақтөбе облысында – 117, Атырау облысында – 140, Шымкентте – 112, Маңғыстау облысында – 108 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қалған аймақтарда анықталған науқастар жүзге де жетпейді.

2020 жылдың наурыз айынан бері 297 839 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3 483 адам қайтыс болған. Коронавирус инфекциясы анықталған, бірақ өліміне "басқа ауру себеп болды" делінген мыңға жуық адам өлімі бұл статистикаға енбеген.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап Covid жұқтырғаны ПТР әдісімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 19 сәуір аралығында 52 148 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 761-і қайтыс болған.

Қазір 39 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 796 383 адам (халықтың 4,2 пайызы) коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 143 млн адамнан асты. 3 миллионнан астамы қайтыс болған. 82 млн адам жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG