Accessibility links

Қазақстанда 26 сәуірден бастап халыққа коронавирусқа қарсы отандық вакцина егіле бастайды


Коронаавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V вакцинасын қабылдау үшін сауда оратлығында кезекке тұрған халық. Нұр-Сұлтан қаласы, 12 сәуір 2021 жыл.
Коронаавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V вакцинасын қабылдау үшін сауда оратлығында кезекке тұрған халық. Нұр-Сұлтан қаласы, 12 сәуір 2021 жыл.

26 сәуірден бастап халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac (бұрын QazCovid-in деп аталған) вакцинасы егіле бастайды. Бұл туралы бейсенбі күні ведомствоаралық комиссияға сілтеме жасаған Sputnik Kazakhstan агенттігі хабарлады.

Агенттіктің жазуынша, вакцинаның алғашқы 50 мың дозасы жақын арада "СК-Фармация" компаниясының (мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор) хабтары арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Вакцинаның тағы 50 мың дозасы мамыр айында шығарылады. Кейінірек айына 500-600 мың дозаға дейін вакцина өндіру жоспарланып отыр.

Вакцинаны өндіруші Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты клиникалық сынақтың соңғы үшінші кезеңі аяқталмай жатып, сәуір айында QazVac вакцинасын жұртқа жаппай сала бастайтынын хабарлаған. Бұған қоса клиникалық сынақ 9 шілдеде аяқталатынын, одан соң ғалымдар сынаққа қатысқан 3 мың еріктінің дерегін 20 күндей сараптайтынын айтқан.

Кейбір вирусолог мамандар "QazVac вакцинасы жайлы мәлімет тапшы" екенін, екпені сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын атап өткен. Өзге вакциналармен салыстырсақ, Pfizer, Moderna немесе "Спутник V" екпелерін сынаудың үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан. Бірақ соған қарамастан Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов 22 сәуірде "қазақстандық вакцинаның шығуы елімізге коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі бес елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді" деп мәлімдеді.

Вице-премьер бұған дейін Жамбыл облысындағы вакцина зауытының "құрылысы біткенге дейін" коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac екпесі Түркияда құтыларға құйылатынын хабарлаған. Агенттіктің жазуынша, Тоғжанов бейсенбі күні вакцинаның алғашқы дозасының Қазақстанда шығарылатынын айтқан.

Қаңтарда "отандық вакцина салғызамын" деген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 сәуірде ресейлік "Спутник V" екпесін салдырғаны белгілі болды. Бұған қатысты пікір білдірген денсаулық сақтау министрлігі президенттің "Қазақстанда өндірілген вакцинаны салдырғанын" айтты. Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG