Accessibility links

Қызылордада 20-ға жуық кәсіпкер жұмыс істеуге рұқсат беруді талап етті


Ақпарат құралдарына шағымданып тұрған кәсіпкерлер. Қызылорда, 23 сәуір 2021 жыл.
Ақпарат құралдарына шағымданып тұрған кәсіпкерлер. Қызылорда, 23 сәуір 2021 жыл.

23 сәуірде Қызылордада орталық демалыс саябағындағы коммерциялық нысан иелері жиналып, биліктен саябақтағы бизнестерін жалғастыруға мүмкіндік беруді талап етті. Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда былтыр індет кезінде саябақтағы нысандар небәрі 1,5 ай істеп, онда да жұмыс уақыты шектеулі болған. Соның кесірінен кәсіпкерлер шығынға батқан.

"Ал енді биыл 23 сәуірде істейміз деп отырғанда жұмыс істеу уақытын 10 мамырға дейін шегеріп тастады" дейді олар.

– Біздің алған несиеміз бар, қарызымыз бар. Былтыр соның бәрі жабылмай қалды. Өйткені жұмыс болған жоқ. Соның бәрі осы жылға өтті. Биыл да тағы қарызданып, азық-түлік алып қойдық. Енді әбден тақалғанда жұмыс істемейсіңдер деп жатыр. Қазір заңгеріміз хатымызды алып, облыстық СЭС-ке кетті. Бізге жұмыс істеуге рұқсат бере ме, бермей ме, белгісіз, – деді Сәуле Бөлегенова есімді кәсіпкер.

Саябақтағы бір дәмхана мен аттракционның иесі былтыр 800 мың теңге шығынға батқанын да айтып өтті. Оның сөзінше, саябақта өзі сияқты шығынға батып отырған 85 кәсіпкер бар. Оның сөзін жиналған өзге адамдар да қолдады.

Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері қаланың коронавирус бойынша "қызыл аймаққа" енгенін алға тартады. Департамент басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, дегенмен парктегі тамақтану орындарына жұмыс істеуге рұқсат.

– Соңғы үш күнде күн сайын 60-70 жағдайдан тіркеліп отыр. Қайтыс болып жатқан жағдайлар да бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 22 сәуір күнгі мәліметіне сәйкес, бізде кеше 2 адам өлімі тіркелген. Парктің жұмысы жалғаса береді, бірақ ішіндегі балалар ойнайтын аттракциондар, батуттардың жұмысына рұқсат беріп отырған жоқпыз, – деді ол.

Ақпаратқа қарағанда, кәсіпкерлер демалыс паркінен орын алғаны үшін 40 мың мен 400 мың теңге аралығында ақша төлейді. Демалыс паркінің әкімшілігі былтыр індетке байланысты жеңілдік жасап, жалға алу құнын 20 пайызға азайтқан. Ал биыл төлеу уақытын ғана соза аламыз деп отыр.

– Кәсіпкерлердің жағдайымен санасамыз. Олардың да күн көруі керек, олар да жоспарланған табыстан айырылып отыр. Жалдау ақысын кейінге шегереміз, – деді Қызылорда қалалық демалыс паркінің директоры Қайрат Исламов.

21 сәуірде Қызылорда облысы коронавирус бойынша "қызыл аймаққа" өткен. Соңғы екі күнде мұнда күніне 70 науқас тіркелді. Оның басым бөлігі облыс орталығы Қызылорда қаласының үлесіне тиеді. 21 сәуірде қалада 47 адамнан коронавирус анықталған. Індет басталғалы бері облыс аумағында 5 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG