Accessibility links

Иранда екі адам "пайғамбарға тіл тигізгені үшін" өлім жазасына кесілді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Иранда екі адам Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізгені үшін өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Иран жөнінде ақпарат тарататын АҚШ-та шоғырланған жаңалықтар сайты хабарлады.

HRANA (The Human Rights Activists News Agency) агенттігінің жазуынша, былтыр мамыр айында екі адам ұсталып, Маркази провинциясының орталығы Арак қаласындағы түрмеге ауыстырылған. Арак соты оларды "пайғамбарға тіл тигізгені үшін" өлім жазасына кескен. Айыпқа қай оқиға негіз болғаны белгісіз.

Екі ер адамның бірі – үш баланың әкесі Юсеф Мехрдад ұсталғаннан кейін екі ай жалғыз адамдық камераға қамалған. Оған бірнеше айып тағылған, Иран басшыларына тіл тигізіп, ұлттық қауіпсіздік мүддесіне қайшы әрекет етті деп те айыпталған.

HRANA агенттігі екінші ер адамның аты-жөнін анықтап жазбаған.

2017 жылы Иран Facebook-та Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізгені үшін өлім жазасына кесілген ер адамға шыққан ауыр үкімді кері қайтарған. Оның алдында құқық қорғау топтары мен белсенділер үкімді айыптаған еді.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, Иранда былтыр кемінде 246 адам дарға асылған. Иран өлім жазасын қолдану бойынша әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG