Accessibility links

Митинг күні Шымкентте белсенділердің үйіне полиция барды, кейбірі жолда ұсталды


Белсенді Әбдірахман Қасымбеков таңертеңнен бері полицияның үйін торуылдап, сыртқа шығармай жатқанын хабарлады. Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі белсендінің үйінің маңында полиция жүргенін көрді. Шымкент, 24 сәуір 2021 жыл.
Белсенді Әбдірахман Қасымбеков таңертеңнен бері полицияның үйін торуылдап, сыртқа шығармай жатқанын хабарлады. Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі белсендінің үйінің маңында полиция жүргенін көрді. Шымкент, 24 сәуір 2021 жыл.

Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының митингісі өтеді деген күні Шымкентте кемінде екі белсендінің үйіне полиция барған. Сенбі күні таңертең белсенді Әбдірахман Қасымбеков үйінің маңында екі азаматтық көліктің тұрғанын, форма киген полиция қызметкерлерінің сыртқа шығармай тұрғанын хабарлады.

"Еш жаққа жібермей тұр. Баратын жерлеріңізге күзетпен барасыздар дейді. Кеше де қалалық полиция департаментінің экстремизм бөлімнің адамдары келіп, митингіге шықпау туралы ескерту жасады. Facebook-тағы митинг жайлы жазбаны өшіртті" деді белсенді 24 сәуірде Азаттық тілшісіне.

Сенбі күні сонымен бірге полицияның шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаевтың да үйіне барғаны белгілі болды. Facebook-та белсенді Гүлнар Момынова полиция қызметкерлерінің Байтілеуді үйінен алып кетпек болған сәтінен видео жариялады. Бірақ кейінірек видео ашылмай қалды. Қазір Құлбаевтың телефоны сөніп тұр.

Белсенді Айжан Жолдасова Facebook-та тікелей эфирге шығып, полицияның өзін жолда ұстағанын хабарлады. Видеода өзін Еркебұлан Нұрғалиев деп таныстырған полиция қызметкері белсендіге бөлімшеге бару қажеттігін айтып, алып кетуге тырысады. Артынша эфир үзіледі.

Шымкент полициясы әзірге жауап бермеді.

24 сәуірге белгіленген митинг қарсаңында жер-жерде белсенділердің ұсталып, қамалғаны жайлы хабар түсіп жатыр. Бұған дейін қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов та жақтастарын 1 мамырда бейбіт митингіге шығуға шақырған.

Facebook-та белсенділердің қудалануын тіркеп отыратын IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобының мәліметінше, осы аптада Нұр-Сұлтанда белсенді Нұрбек Құлышев 15 тәулікке қамалған. Ол жергілікті әкімдікке митинг жайлы ескерту бергеннен кейін әкімшілік жауапқа тартылған. Ақпаратқа қарағанда, оған бір жарым ай бұрынғы "рұқсат етілмеген акцияға қатысты" деген айып тағылған.

Аталған топтың мәліметінше, Түркістан облысында 70 жастағы белсенді Қаршыға Анатолий Кентау тұрғындарын бейбіт митингіге үндегені үшін прокуратураға шақырту алған. Павлодарда да азаматтық белсенді, аймақтық "Жер сатылмасын" чатының үйлестірушісі Уатхан Хусейін де полицияға шақыртылған.

Жанболат Мамай бастаған Қазақстанның демократиялық партиясын құру бастама топ өкілдері шетелдіктерге орман шаруашылығы үшінұзақ жылға жер беруге мүмкіндік беретін парламентте жатқан жер қатынастары туралы заң жобасына қарсылық білдіретінін айтқан. Аталған топ бұған қоса, Қазақстанда қытайлық 56 зауыт құрылысын тоқтатуды талап ететінін де хабарлаған.

Бұған дейін Шымкент, Орал, Нұр-Сұлтан, Зайсан ауданы (ШҚО) және өзге қалалар мен елді мекендерде белсенділердің бейбіт митинг өткізу туралы өтініштері қабылданбағаны хабарланған. Жергілікті атқару органдары оларға коронавирус індетін алға тартып, қоғамдық шара өткізуге болмайтынын айтқан. Алматы СЭС-і де тіркелмеген партия өкілдеріне митинг өткізуге болмайтынын ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG