Accessibility links

Алматы полициясы: Мылтықтан оқ жаудырған ер кісі 17-қабаттан секіріп, мерт болды


Қазақстан картасындағы Алматы қаласы.
Қазақстан картасындағы Алматы қаласы.

24 сәуірде Алматыда көпқабатты үйдің пәтерінен оқ жаудырған ер адам кешке таман 17-қабаттан секіріп, оқиға орнында қаза тапты. Секірмес бұрын марқұммен алты сағат келіссөз жүрген. Онымен полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері және таныстары сөйлесіп көрген. Қолына қару алған азамат ешқандай талап айтпаған. Бұл туралы сенбі күні өткен жедел брифингте полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов айтты.

Полицияның сөзінше, келіссөз кезінде ер азамат аңшы мылтығынан баспалдақ алаңына қарай 30-ға жуық оқ атқан, полиция қызметкерлері мен тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Операция кезінде тұрғындар сыртқа шығып, тұрғын үй аумағы қоршалған.

Ер адамның пәтерге тығылып, полицияның онымен келіссөз жүргізуіне күндізгі оқиға түрткі болған. Полицияның айтуынша, ер азамат "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің күзетшісін аңшы мылтығымен атқан. Осыдан кейін көпқабатты үйдің 17-қабатына пәтерге тығылып, сол жерден оқ жаудырған.

Әбдірахмановтың сөзінше, полицейлер суық қару қолданбаған, оның орнына жарық-шулы гранатаны пайдаланған.

Аяғына оқ тиген күзетші ауруханаға жатқызылған, дәрігерлер оның жағдайы тұрақты дейді.

Полиция ер азаматтың не себепті оқ атқаны белгісіз дейді. Полиция департаменті баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек марқұмның 56 жастағы азамат екенін, аты-жөні нақтыланып жатқанын айтты.

Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG