Ресей үкіметі мұғалімдік тәжірибесі жоқ адамдарға, салық пен айыппұлын төлемегендерге, қылмыстық кодекстің кей бабы бойынша сотталғандарға және "шетел агенттері" тізіміне кіргендерге университеттен тыс дәріс оқуға және семинар жүргізуге тыйым салмақ. Бұл туралы нормативті актілер порталына жарияланған үкімет қаулысы жобасында жазылған.
Құжат ағарту ісін реттеу туралы наурызда қабылданған заңның жұмысын реттеуге бағытталған. Үкімет қаулысы ағарту ісіне не жататынын анықтап, мемлекеттің оны қалай бақылайтынын реттемек.
Жобаға қарағанда, қаулының күші университ пен мектептен тыс презентацияларға, дәрістерге, шеберлік сабақтарына, дөңгелек үстелдер мен дискуссияларға, Youtube-каналдар мен подкастарға тарамақ.
Ағартумен айналысатын дәріс оқушылар бұдан былай білім беру, ғылым және мәдениет мекемелерімен келісімшартқа отырады. Бұл мекемелер дәріскерлердің жаңа ережеге сәйкестігін қадағалап, өз саласындағы министрлікке есеп береді.
Ғылыми және мәдени қауымдастық қаулының мәтініне қарсы шықты. Олардың арасында Ғылым академиясы да бар. Мәдениет саласының мыңнан астам қызметкері Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, жобаны кері қайтаруға шақырды.
Жаңа ережеге қарсы онлайн петицияға 250 мыңға жуық адам қол қойып үлгерді. Қаулы жобасына Мемлекеттік думадағы үш партия да қарсы шықты. Бірақ шешім қабылдау үшін "Единая партия" депутаттарының саны жеткілікті болды.
- Ресей федералды жиналысына арналған 21 сәуір күнгі жолдауында Владимир Путин Ресей аумағында "Знание" ("Білім") қоғамының жұмысын қайта бастауды ұсынды. Совет одағы кезінде бұл ұйым ағартумен және пропагандамен айналысқан.
ПІКІРЛЕР