Accessibility links

Анкара Байденнің армян геноциді туралы мәлімдемесіне жауап берді


АҚШ президенті Джо Байденнің Осман империясындағы армян геноцидін мойындауына байланысты көшеге шыққан америкалық армяндар.
АҚШ президенті Джо Байденнің Осман империясындағы армян геноцидін мойындауына байланысты көшеге шыққан америкалық армяндар.

Түркия сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Анкарадағы елшісі Дэвид Саттерфилдты шақыртып, АҚШ президенті Джо Байденнің Осман империясындағы армян геноцидін мойындау туралы шешіміне пікір білдірді.

"Түркия Анкарадағы елшіні шақыртып, Байденнің 1915 жылғы оқиғаға берген бағасын жоққа шығаратынын айтты" деп жазды Bloomberg.

Осыған дейін Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Анкараның "популизмге ғана сүйеніп жасалған бұл мәлімдемені толықтай жоққа шығаратынын" мәлімдеген.

"Өз өткеніміз турасында өзгелерден үйренер ешнәрсе жоқ" деп жазды түрік министрі Twitter-де.

Ал осы арада америкалық армяндар көшеге шығып, Осман империясындағы армян геноцидін мойындаған Джо Байденге қолдау білдірді.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, адамдар Беверли-Хиллздегі (Калифорния) Түркия консулдығы алдына да жиналған. Көбі Армения туын ала келген. Шерушілер негізгі көшедегі қозғалысты бұғаттап, Анкарадан геноцидті мойындауды талап етті. Тағы бір топ Калифорния штатының Монтебелло қаласында жиын өткізді.

Associated Press агенттігінің жазуынша, Калифорния – америкалық армяндар ең көп шоғырланған штат. АҚШ-тан армян геноцидін мойындауды талап етіп келген де осы штаттың қоғамдық қайраткерлері еді.

Сенбі, 24 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Осман империясындағы армяндардың жаппай өлтірілуін және депортациясын геноцид деп мойындайтынын мәлімдеді. Байденге дейінгі АҚШ президенттері бұл оқиғаны геноцид деп атамаған.

1915–16 жылдары Осман империясы аумағында бір жарым миллионға жуық армян мерт болған. Зерттеушілердің айтуынша, олардың көбі биліктің бұйрығымен өлтірген. Анкара бұл тұжырыммен келіспейді, армян халқын қасақан өлтіру саясаты болмады дейді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама бірінші мерзімінің алдында армян геноцидін мойындауға уәде берген. Бірақ уәдесінде тұра алмады. Екінші мерзімі аяқталғанда бұл туралы өкінетінін айтты. Джо Байден Обама билігі тұсында вице-президент болған.

Армян геноцидін мойындайтын елдер саны отыздан асып отыр. Олардың арасында Ресей де бар. Франция мен Швейцария секілді елдерде армян геноцидін жоққа шығаруға тыйым салатын заңдар қабылданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG