Accessibility links

"СК-Фармацияның" экс-басшысы "жаппай вирус жұқтырды", "заңсыз қару сақтады" деп айыпталды


Нұр-Сұлтандағы сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтандағы сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотында мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор "СК-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің үстінен қозғалған іс бойынша сот өтіп жатыр. Tengrinews сайтының хабарлауынша, оған екі бап бойынша айып тағылған: "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (361-бап, 4-тармақ 3-пункт) және "заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау" (287-бап 2-тармақ 3-4 пунктер).

Айыптау тарабының болжамынша, Берік Шәріп "бір реттік қорғаныш киімдерін сатып алу бойынша басқа тасымалдаушыларға қарағанда қымбатырақ баға ұсынып, соның өзінде өнімді уақытында жеткізбеген компанияға басымдық берген". Прокуратура өкілдерінің айтуынша, былтыр індет өршіген шақта – сәуір-мамыр айларында республикалық маңызы бар қалалар мен аймақтарда соның салдарынан қорғаныш киім тапшылығы туындап, нәтижесінде дәрігерлер жаппай коронавирусқа шалдыққан. Сотта денсаулық сақтау министрлігінен куәлік ретінде келген адам сол аралықта елде 2 мыңға жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққанын айтқан.

Прокурорлардың айтуынша, Берік Шәріп 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) денсаулық сақтау департаментінде қызмет істеп жүрген кезде дүкеннен қару-жарақ сатып алып, оны заңды түрде тіркетпеген. Былтыр тамыз айында тінту кезінде сол әрекеті әшкереленіп, тәркіленген. Оған "қару-жарақты заңсыз сақтауға" байланысты айып осы әрекетіне байланысты тағылып отыр.

Әзірге қорғау тарабының уәждері жарияланбады.

Былтыр шілде айында елде коронавирус індеті өршіп тұрған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев "СК-Фармация" мен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басшыларын қызметінен алып, қажет болса тергеу жүргізуді тапсырған. Тоқаев сол кезде "СК-Фармация" төңірегінде "қандай да кландардың мүддесі бар" деп те айтқан.

2020 жылы 12 шілдеде "СК-Фармация" ЖШС-інің басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев болып тағайындалған.

21 сәуір күні өткен алғашқы сот тыңдауында қорғау тарабы Берік Шәріпті үйқамаққа жіберуді сұраған, бірақ өтініші қанағаттандырылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG