Accessibility links

Таразда Қордайдағы ұлтаралық жанжал бойынша сот үкімі оқылып жатыр


Қордайдағы жанжалға байланысты сот тыңдауы. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.
Қордайдағы жанжалға байланысты сот тыңдауы. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.

27 сәуірде таңертең Таразда Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты 51 айыпталушыға сот үкімі оқыла бастады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Бұған дейін прокурор айыпталушыларға 2 жыл шартты жаза мен 18 жылға дейін түрме жазасын тағайындауды сұраған. Дүнгендер қауымдастығы кейінірек прокурор сұраған жазаға наразы болған.

Қордайдағы ұлтаралық жанжал бойынша сот үкімі. Тараз, 27 сәуір 2021 жыл.
Қордайдағы ұлтаралық жанжал бойынша сот үкімі. Тараз, 27 сәуір 2021 жыл.

51 айыпталушыға "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап), "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап), "Қорқытып алу" (194-бап), "Қарақшылық" (192-бап) және "Адам өлтіру" (99-бап), "Сепаратистік әрекеттер" (180-бап), "Заңсыз қару-жарақ сақтау және алып жүру" (287-бап), "Әскери қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық" (380-бап), "Қарулы бүлік" (181-бап) бойынша айыптар тағылған. Айыпталушыларды шамамен 60 адвокат қорғаған.

Қаңтар айында өткен сот процестерінде кейбір айыпталушылар азаптауға шағымданған еді.

Бұл іс бойынша сот процесі желтоқсан айында басталған.

2020 жылы 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Мыңдаған адам үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған. Қазақстан үкіметі кейінірек олардың көбі үйлеріне оралды деп мәлімдеген. Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжалдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов отставкаға кетті. Бірнеше жоғары лауазымды шенеунік қызметінен босатылды. Сол кезде премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тағайындалды. Жанжалдан кейін Қазақстан билігі 120-дан астам қылмыстық іс ашылғанын хабарлады.

Қордайдағы жанжалға байланысты айыпталған тағы жеті адамға үкім былтыр қыркүйек айында шыққан.

Ресейлік "Мемориал" орталығы былтыр мамыр айында жариялаған мақаласында Қордайдағы жанжал бойынша тергеудің біржақты әрі ашық емес жүргізіліп жатқанын айтып сынаған. Ұйым оқиғаны мұқият тергеуге шақырып, дүнген қауымдастығы өкілдерінің Қазақстан билігіне арнап жазған соған ұқсас үндеуін жариялаған. Онда ұсталғандардың азапталғаны жайлы да дерек бар.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG