Accessibility links

Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды реттеуге қол ұшын беруге дайын екенін мәлімдеді


Қырғызстандағы ауылдардың біріне эвакуацияланған әйелдер мен балалар.
Қырғызстандағы ауылдардың біріне эвакуацияланған әйелдер мен балалар.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жағдайды реттеуге қол ұшын беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

"Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын" делінген Тоқаев мәлімдемесінде.

Ол мәлімдемеде сонымен бірге қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысты "қатты алаңдаушылықпен" қабылдағанын жеткізген. Тоқаев екі елдің атысты тоқтатып, келіссөз бастау ниетін жылы қарсы қарсы алған.

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында тұрғындар, әскери қызметкерлер арасында болған қақтығыста оннан астам адам қаза болған, жүзден астам адам жарақаттанған. Тараптар бір-бірін шекарадағы су тарату пунктін басып алуға тырысты деп айыптады. Оқиға 28 сәуірде жергілікті тұрғындар жанжалынан басталған. Бейсенбі күні екі мемлекет шекарашылары бір-бірін оқ атты деп айыптады. Оқиға орнына екі елдің қарулы күштері шоғырлана бастаған.

Қырғызстан премьер-министрі Улукбек Марипов пен Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода бейсенбі күні жоспарланбаған Қазан қаласындағы кездесу кезінде мәселені күшпен шешуге жол беруге болмайтынын айтқан. Қырғыз үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар мәселені келіссөз арқылы шешуге дайын екенін білдірген.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыста зардап шеккендер 134 адамға жеткен, 13 адам қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG