Accessibility links

Алматыда митинг өтеді деген саябақ жабылып, интернет істемей қалды, астанада қозғалыс тоқтатылған


Нұр-Сұлтанда наразылық өтеді деген жерді кұзетіп тұрған полицейлер. 1 мамыр, 2021 жыл.
Нұр-Сұлтанда наразылық өтеді деген жерді кұзетіп тұрған полицейлер. 1 мамыр, 2021 жыл.

Алматыдағы Орталық саябақта және оның маңайындағы аудандарда мобильді интернет істемейді. Еуропада тұрып жатқан бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын билікке қарсы саяси ұран көтеріп, 1 мамырда осы жерге наразылыққа шығуға шақырған.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, саябақ маңайындағы жолдарда бірнеше автозак тұрғаны байқалады. Сенбі күні Орталық саябақ жабық, бір күн бұрын басшылық саябақта "дезинфекция" жүргізілетінін хабарлаған. Тілшілердің айтуынша, саябақ ішінде дезинфекция жүріп жатқаны байқалмайды.

Қоғамдық көлік бағыттары өзгерген: автобус, троллейбустар саябақ маңына жақын бармай жатыр. Қала әкімдігі осы күні "троллейбус линиялары мен кабель желілерінде жөндеу жүретінін" ескерткен.

Нұр-Сұлтанда Әблязов жиналуға шақырған теннис федерациясы ғимараты алдында полицей көп. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жұмысшылар жолға белгі салып жатыр, автокөлік қозғалысы тоқтатылған. Жұмысшылар әдетте жол белгісін салғанда полиция бұл іске бақылау жасамайтынын, бүгін бәрі басқаша екенін айтты. Өзін Сергей Ким деп таныстырған полиция қызметкері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол жөндеуді үнемі бақылайтынын ескертті. Федерация ғимараты маңында өрт сөндіру көлігі мен арнайы техника тұр.

Әблязов Ақтөбедегі Орталық базардың алдын "жиналу орны" деп көрсеткен. Басшылық "санитарлық күн" деп, базарды жауып тастады.

Шымкентте "Қиял әлемі" саябағының маңын полицейлер күзетіп жүр. Оппозициялық саясаткер бұл қалада митинг осы жерде өтеді деген еді.

Францияда тұратын, сол елде саяси баспана алған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов саяси тұтқындарды босатуды, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі Еуропарламенттің 11 ақпандағы қарарын орындауды, "күштеп екпе салуды" тоқтатуды және бағаның өсуіне жол бермеуді талап етіп, 1 мамырда наразылыққа шығуға үндеген.

Әблязов – елде "экстремистік" деп танылып, жұмысына тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі. Еуропарламент қарарларында бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Митинг қарсаңында аймақтарда белсенділер қамалды. Бірнеше белсенді бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алынды. Наразылық жиыны белгіленген күннің қарсаңында белсенділерді аңдып, қамау жиілеп кетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG