Accessibility links

Денсаумин Covid жөніндегі тәулік дерегін жариялады


Медқызметкер QazCovid-in вакцинасының қорабын көрсетіп тұр. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
Медқызметкер QazCovid-in вакцинасының қорабын көрсетіп тұр. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

1 мамырда Қазақстанда анализінен коронавирус анықталған 2804 адам тіркелді. Covid пневмониясын қосқанда 24 адам қайтыс болған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған (КВИ+) науқастар дерегі бойынша, аймақтардың көбінде тәулік көрсеткіші алдыңғы күндердікімен шамалас. Көш басында – бұрынғыша Алматы (685 науқас) мен Нұр-Сұлтан (429) қалалары.

Алматы және Ақтөбе облыстарында ғана елеулі өсу байқалады. 30 сәуірде 210 науқас анықталған Алматы облысында 1 мамырда коронавируспен 275 науқас тіркелген. Ал Ақтөбеде бұл көрсеткіш 117-ден 140-қа жеткен.

Қайтыс болған 24 адамның алтауында ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен (КВИ-).

Осылайша, вирус жұқтырғаны зертхана талдауымен расталғандар саны 325 мыңнан асты. Оның 278,5 мыңы жазылған, 43 мыңы емделіп жатыр. Ресми дерек бойынша, КВИ+ науқастары арасында барлығы 3717 адам қайтыс болған. Бірақ бұдан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ өзге аурудан қайтыс болды деген адамдардың есебі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылғы 13 наурыз бен 2021 жылғы 31 наурыз аралығында 1619 адамның өлімі осы есепке жатқызылған.

Қазақстанда 1 тамыздан бері диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебі жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін бұл есепке барлығы 53 071 науқас кірген. Оның 807-сі қайтыс болған.

Елде коронавирус вакцинасын салу науқаны 1 ақпанда басталған. 2 мамырдағы дерекке қарағанда, екпенің кемі бір дозасын алғандар 1 миллион 346 мың 900 адамға жеткен.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, осы күнге дейін әлемде коронавируспен барлығы 151 миллион адам тіркелген. Оның 3,1 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG