Accessibility links

Шеру, полициямен қақтығыс. Еуропада 1 мамыр қалай өтті?


Шерудегі полиция жасағы. Париж, 1 мамыр 2021 жыл.
Шерудегі полиция жасағы. Париж, 1 мамыр 2021 жыл.

1 мамырда Еуропадағы бірқатар елде халықаралық еңбек күніне орай шеру өтті. Бірнеше қалада шеру полициямен қақтығысқа ұласты. Демонстрацияға солшылдар да, оңшылдар да қатысты.

Шерулердің бір бөлігін карантин шектеулерін сынаушылар ұйымдастырды. Бельгия астанасы Брюссельде полиция санитарлық шектеулердің қарсыластарына су шашып, көз ашытатын газ қолданды. Қала парктерінің бірінде өткенде жиынға негізінен жас адамдар қатысты.

Франция астанасы Парижде шеру кезінде 30-дан астам адам ұсталды. Олардың көбі – полициямен қақтығысқа түскен әсіре солшылдар. Қақтығыс Лион қаласында да болған. Кәсіподақтар Францияның ондаған қаласында манифестация ұйымдастырды және олардың көбі бейбіт өтті.

Германияда түрлі саяси күштердің жеке-жеке шеруі болды. Берлинде әсіре солшылдардың жиынына 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың кейбірі полициямен қақтығысып қалды. Карантин шектеулеріне қарсы топ та өз шеруін өткізді.

Еуропада карантин шектеулеріне қарамастан бейбіт жиындар өткізуге тыйым салынбаған. Қатысушылардан бар болғаны маска тағу мен қашықтық ұстануды талап етеді.

Қазақстанда полиция еңбек күніне белгіленген бейбіт жиынның өтуіне жол бермеді. Шеруге дейін ондаған адам ұсталды не полицияға шақырылды. Митинг өтеді деген жерлер "залалсыздандыру жұмыстары жүреді" деп жабылып қалды, айналада полиция торуылдап жүрді. Журналистер митинг орнына келген бірнеше адамның ұсталғанына куә болды.

Қазақстан митинг қарсаңында белсенділерді ұстап әкету биліктің үйреншікті әдісіне айналды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG