Accessibility links

Оралда аттракционнан ақау шығып, сегіз бала зардап шекті


Ақау шыққан карусель. Орал, 3 мамыр 2021 жыл.
Ақау шыққан карусель. Орал, 3 мамыр 2021 жыл.

2 мамыр кешкісін Оралдағы орталық бақта орналасқан аттракционнан ақау шығып, сегіз бала жарақаттанды.

Бақтағы карусель жылдамдығын көбейте бастағанда кенеттен тоқтап, креслода отырған балалар бір-біріне соқтығысқан. Оқиғаның видеосы интернетте тарап кетті. Кейін денсаулық сақтау басқармасы 3-9 жас арасындағы сегіз бала зардап шеккенін хабарлады. Дәрігерлердің сөзінше, балалардың денелері мен бастары жараланып, милары шайқалған. Барлығы амбулаториялық емделуге жіберілгені хабарланды.

Қалалық бақтағы аттракционның иесі саналатын “Джуманджи парктің” өкілі Антон Ротштайнның айтуынша, карусельдегі ақаудың неден болғаны белгісіз. Полиция ақау шыққан карусельді қоршап, арнайы мамандар тексеру жүргізіп жатыр. Аумақтағы басқа аттракциондар жұмыс істеп тұр.

- Оқиға болған соң біздің директор Сергей Судненко сол жерге барып, балаларды ата-аналарымен ауруханаға жеткізді. Дәрігерлік тексерістің қорытындысын күтіп отырды. Қазір ата-аналарымен байланыста. Ата-аналар балалардың жағдайы жақсы дейді. Балалар қатты жарақаттаныпты, сүйектері сыныпты, ми шайқалыпты деген әңгімелер шындыққа жанаспайды, - дейді Ротштайн.

Ол маусым басталарда барлық аттракциондар тексерістен өткенін, ақау болмағанын алға тартады. Полиция департаменті осы оқиға бойынша "Қауіпсіздік талаптарына сай емес қызметтерді көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG